Әлеумет

Алматы облысында 6 миллион теңгенің қаруы табылды

Алматы облысында тұрғындар 150-ге жуық қаруды ерікті түрде тапсырды. Бұл туралы Талдықорғандағы «Жас Алаш» тілшісі Алматы облысы ішкі істер департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы облысында 6 миллион теңгенің қаруы табылды
Нақтырақ айтқанда, бұл қарулар тәртіп сақшыларына облыс аумағында ұйымдастырылған акция аясында тапсырылып отыр. Сәуір айының басынан  тұрғындардан қаруларды қабылдау-тапсыру және сатып алуды бақылайтын 20 комиссия жұмыс атқарды. Соның нәтижесінде өз мәресіне жеткен игі шарада  әртүрлі қарудың 147 бірлігі тапсырылған.Қаруды өз еркімен тапсырғандар үшін жалпы сомасы 6 миллион теңге өтемақы төленді. Өткізілген қарудың көбі — тегіс ұңғымалы аңшы мылтығы. Дегенмен, арасында сирек кездесетін көне түрлері де бар. Бұл акция жайлы ақпарат  өңірлік және аудандық БАҚ-та үнемі жарияланды. Қазіргі таңда полицейлер осы шараны бұдан әрі жалғастыру үшін қосымша 5 миллион теңге қаржы бөлуге сұраныс жолдады, – дейді Алматы облысы ІІД Баспасөз қызметі.     Бұл бастамаға қызығушылық танытқандар көп. Соның ішінде, Талдықорған мен Сарқан қалалары тұрғындарының белсенділігін айрықша атап өткен жөн. Олар осы уақыт аралығында ерікті түрде 50-ге жуық мылтық тапсырған. Әсіресе, облыс орталығының бір тұрғыны әр қаруы 200 мың теңгеге бағаланған 4 қару өткізді.«Сонымен қатар, бұл акциядан тыс лицензия — рұқсат беру жүйесінің желісі бойынша қару иелерін тексеру жұмыстары жалғасуда. Ағымдағы жылы 832 қару иесі әртүрлі заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылды. Оларға 20 009 600 теңгеге айыппұл салынды» – деп атап өтті құзырлы ведомство өкілдері.Айта кетейік, биыл өңірде 79 адам қаруды заңсыз сақтағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға 4 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған. Сонымен бірге, тәркіленген қарулары қайта балқытуға жөнелтілген.Фото: patrul.kz
Тегтер: Без Тега
Қуаныш  Қаппас
Қуаныш Қаппас Қуаныш Қаппас

Оқыңыз