Әлеумет

Алматы облысында алтын өндіруге қатысты дау шықты: кәсіпкерге заңсыз жұмыс жүргізді деген айып тағылды

Алматы облысындағы "Кетмен" учаскесінде алтын өндіруге қатысты дау туындады.

1

"BRAGA Group" ЖШС Сапар Қожайбаев есімді азаматтың компания келісімінсіз алтын өндіріп жатқанын мәлімдеді.

Әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратқа сәйкес, "BRAGA Group" серіктестігі Сапар Қожжабаевты Алматы облысындағы "Кетмен" учаскесінде компанияның келісімінсіз шашыранды алтын өндіріп жатыр деп айыптаған.

Жазба авторлары прокуратура материалдарына сүйеніп, кәсіпкерлікті басқару саласындағы уәкілетті орган лицензия талаптарының бұзылғанын мойындағанын алға тартады. Сондай-ақ лицензияның қайтарып алынуы мүмкін екені туралы ескерту жасалғаны айтылған.

Алайда лицензия талаптарының нақты қай тармақтары бұзылғаны және осыған байланысты қандай шаралар қабылданғаны әзірге белгісіз.

Жарияланым авторлары алтын өндіру жұмыстарының табиғатқа ықтимал зиянына да назар аударып, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Ноғайұлынан жағдайға араласып, тиісті шара қолдануды сұраған.

Ашық дереккөздерге сәйкес, "BRAGA Group" ЖШС 2021 жылғы 6 мамырда тіркелген. Компанияның заңды мекенжайы Шымкент қаласында орналасқан. Серіктестіктің басшысы ретінде Нұрғалым Үсенов көрсетілген.

Айта кетейік, Кетмен жотасына іргелес орналасқан Шалкөде өңірі табиғаты көркем жайлауларымен белгілі. Сондықтан мұндай аумақтардағы жер қойнауын пайдалану жұмыстарының заңдылығы мен экологиялық қауіпсіздігі ерекше маңызға ие.

Әзірге "Кетмен" учаскесіндегі алтын өндіру жұмыстарының нақты көлемі, қолданыстағы лицензияның мәртебесі және қоршаған ортаға келтірілген ықтимал зиян туралы ресми ақпарат жоқ.

Сондай-ақ әлеуметтік желіде аты аталған Сапар Қожайбаевтың бұл айыптауларға қатысты ұстанымы жарияланбаған.

"Жас Алаш" бұл мәселеге қатысты құзырлы мемлекеттік органдар мен аталған тараптардың ресми түсініктемесін анықтауды жалғастырады.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз