Қоғам

Алматы облысында мал ұрлығымен айналысқан екі қылмыстық топ ұсталды

Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция қызметкерлері Алматы облысының Жамбыл ауданында мал ұрлығының бірнеше дерегіне қатысы бар деген күдікпен екі қылмыстық топты ұстады.

Ұстау

Тергеу барысында төрт адамның сегіз ұрлыққа қатысы бар екені анықталған. Олар 20-дан астам ірі қара мен 47 қойды ұрлады деген күдікке ілінді.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер ауылдық жерлерде еркін жайылып жүрген малды ұрлап, тірідей жергілікті тұрғындардың біріне сатып отырған. Ал үш адамнан құралған тағы бір топ шаруа қожалығының аумағына заңсыз кіріп, қорадан 21 қой ұрлады деген күдікке ілінді.

Ұрланған малдың барлығы тәркіленіп, иелеріне қайтарылды. Қазір күдіктілер қамауға алынған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.

ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері Алматы облысында мал ұрлығы 36 пайызға азайған. Полиция 80-нен астам деректі ашып, 75 күдіктіні, оның ішінде 14 қылмыстық топтың мүшелерін ұстаған. Заңды иелеріне 400-ден астам мал қайтарылып, 150 млн теңгеден астам шығын өтелген.

Ел көлемінде жыл басынан бері мал ұрлығына қатысы бар 566 адам ұсталды. Олардың қатарында 142 қылмыстық топтың мүшесі бар. Төрт мыңнан астам мал иелеріне қайтарылып, 800 млн теңгеден астам шығын өтелген.

 

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз