Қоғам

Алматыда "R.O.I." қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар қамалды

Алматыда тұтыну кооперативі ретінде жұмыс істеген "R.O.I." қаржы пирамидасына қатысты тергеу жүріп жатыр.

Қаржы пирамидасы

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ұйым азаматтарды көлік пен жылжымайтын мүлік сатып алу бағдарламаларына қатысуға шақырып, олардан үлестік жарна ретінде ақша жинаған.

Алайда жаңа қатысушылардың қаражаты нақты кәсіпкерлік қызметке жұмсалмаған. Оның орнына ақша бұрын кооперативке қосылған мүшелер алдындағы міндеттемелерді өтеуге бағытталған. Қазір 275 адам жәбірленуші деп танылып, оларға келтірілген жалпы шығын 217 млн теңге деп бағаланып отыр.

Тергеу барысында ұйымдастырушылардың кеңес беру қызметіне ақы төлеу деген желеумен кооперативтен 94 млн теңгені өздерімен байланысты тұлғалардың, соның ішінде "Кәусар" жеке кәсіпкерлігінің есепшоттарына аударғаны анықталған.

2022 жылы сот даулары басталғаннан кейін Алматыда "ShynSaulet", "Berekeli Shanyrak", "Aya-Aru", "Jasmin", "USCoop" және "Baiterek" атты алты жаңа тұтыну кооперативі құрылған. Тергеу дерегінше, олардың барлығы "R.O.I." басшысының бақылауында болған. Бұл ұйымдар негізгі кооперативтің сот орындаушылары бұғаттаған шоттарын айналып өтіп, жиналған қаражатты басқа есепшоттарға аудару үшін пайдаланылған.

Қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген адам екі айға қамауға алынды. Сот санкциясымен үш автокөлікке, 25 пәтерге және банк шоттарына тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз