Жасөспірімдерге қысым көрсеткен бе? Сопы Исматулла Мақсұмға қатысты тергеу басталды
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Қазақстанда діни өкіл Исматулла Мақсұмға қатысты жасөспірімдерге жыныстық сипаттағы қысым көрсетілді деген мәлімдемелерден кейін сотқа дейінгі тергеу басталды.
ІІМ мәліметінше, жарияланымдарда келтірілген деректер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, істің барлық мән-жайы тексеріледі. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, әзірге өзге ақпарат жарияланбайды.
Даулы мәлімдемелер қалай тарады?
Бұл оқиға Ақылбек Жұмабековтің журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатынан кейін қоғамда кеңінен талқылана бастады. Сұхбат барысында ол Қазақстандағы зікіршілер жамағатының жетекшісі ретінде танылған Исматулла Мақсұмға қатысты жасөспірімдерге жыныстық сипатта қысым көрсету туралы айыптаулар айтты.
Жұмабековтің сөзінше, жамағат ішіндегі мұндай жағдайлар туралы бұған дейін де айтылып жүрген, алайда көпшілік оларды ашық жариялауға батылдық танытпаған. Бұған дейін белсенді Абзал Достияровқа сұхбат берген адамдар да осыған ұқсас жайттарды сөз еткен.
Осы мәлімдемелерден кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) арнайы мәлімдеме жасап, аталған тұлғалардың ұйымның ресми діни құрылымына қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта жарияланған айыптауларға қатысты тергеу жүріп жатыр. Олардың мән-жайы мен құқықтық бағасы тергеу нәтижесінде анықталуға тиіс.