Алматыда жазушы Үмбетбай Уайдин тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды
Алматыдағы "Самал" ықшамауданында жазушы, журналист әрі фельетоншы Үмбетбай Уайдин 30 жыл тұрған үйге мемориалдық тақта қойылды.
Бұл игі істі қаламгердің жары Мәриям Алданова ұл-қыздарымен бірге жүзеге асырған. Тақтаның ашылу рәсіміне отбасы мүшелері, жазушының көзі тірісіндегі замандастары, достары мен шәкірттері қатысты. Шара қала көлемінде кеңінен аталып өтпесе де, жазушыны жақын білген жандар бас қосып, оның өнегелі өмірі мен шығармашылығын еске алды.
Қазақ сатирасының саңлағы, қарымды қаламгер, журналист әрі ұлағатты ұстаз Үмбетбай Уайдиннің есімі ұлттық әдебиет пен баспасөз тарихында айрықша орын алады. Ол күлкіні көңіл көтерудің құралы ғана емес, қоғамның кемшілігін көрсетіп, адамды ойлантатын өткір қару ретінде қолдана білді. Қаламын шындықтың шырағына айналдырып, саналы ғұмырын ұлт руханиятына, ұрпақ тәрбиесіне және қазақ сатирасының өркендеуіне арнады.
Үмбетбай Уайдин 1935 жылы 10 қазанда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы Темірбастау ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. 1954-1958 жылдары Донбастағы Красный Луч қаласында шахта құрылысшысы болып еңбек еткен. Кейін Шалқар аудандық газетінің баспаханасында әріп теруші болған.
1959 жылдан бастап Қазақ радиосында, "Ара" журналында, "Өнер" баспасында, Қазақстан кітапқұмарлар қоғамы мен Жазушылар одағында түрлі қызмет атқарған.
Жазушының "Қара көзілдірік" (1968), "Құрдым шиыр" (1971), "Ендігісін айтпаймын" (1974), "Ішің білсін" (1976), "Контейнермен келген кемпір" (1978), "Тілсіз қоңырау" (1980), "Быды-быды" (1982), "Нанайын ба, нанбайын ба?" (1984), "Инабат иірімдері" (1985), "Мәселе қайда жатыр?" (1987), "Пәлен-пәштуан" (1992), "Мәңгілік мәселе" (1993) атты кітаптары жарық көрген. Шығармалары орыс, украин, қырғыз, қарақалпақ және тува тілдеріне аударылған.
Қаламгердің 30 жыл тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылуы оның шығармашылығына, қазақ әдебиеті мен журналистикасына сіңірген еңбегіне көрсетілген құрмет.