Сотта Боқаевтың гранит тақталар туралы видеосына қатысты тың дерек айтылды
Алматыда Санжар Бокаевтың ісіне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін сотта оның бұрынғы мобилографы Ұлан Нүсіпқожа жауап берді.
Оның айтуынша, Үлкен Алматы өзені маңындағы гранит тақталар түсірілген видео екі рет жазылған. Екінші түсірілім кезінде Боқаевтың өзі де оқиға орнында болған.
Куәгердің сөзінше, 2025 жылғы 10 қыркүйекте түсірілген алғашқы видео Боқаевтың көңілінен шықпаған. Ол кезде гранит тақталар манипуляторға тиелгенімен, салттық қызмет көрсететін шеберхананың жанына емес, бос алаңға жеткізілген. Осыдан кейін Нүсіпқожаға эпизодты қайта түсіру тапсырылған.
Екінші түсірілім 15 қыркүйекте өткен. Нүсіпқожаның айтуынша, манипуляторға 12 гранит тақта тиеліп, кейін олар Бесағаштағы салттық қызмет көрсету бюросына апарылған. Куәгердің сөзінше, Боқаев сол сәттерді өзі видеоға түсіріп, камера алдында түсініктеме берген. Одан соң тақталар қайта тиеліп, өзен жағасына жеткізілген көрінеді.
Дайын видео 17 қыркүйекте жарияланып, 1,5 миллионнан астам қаралым жинаған. Нүсіпқожа түсірілім мен монтажға өзі жауап бергенін, ал роликті әлеуметтік желіге Боқаевтың жариялағанын айтты.
Қазір Санжар Боқаев, оның жиені Мадияр Қалменов және Ұлан Нүсіпқожа қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде тергеліп жатыр. Оларға алаяқтық, ұрлық, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату айыптары тағылған.
Тергеу нұсқасы бойынша, түсірілген видеолардың бір бөлігі алдын ала ұйымдастырылған болуы мүмкін.