Live

Алматыда жолаушы әйелге дөрекілік көрсеткен такси жүргізушісі 7 тәулікке қамалды

Алматыда баласымен бірге таксиге отырған әйелге тіл тигізіп, балағат сөздер айтқан «Яндекс.Такси» жүргізушісі жеті тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

1

Оқиға әлеуметтік желіде жолаушы әйел жариялаған видеодан кейін белгілі болған. Полиция қызметкерлері бейнежазбадағы жүргізушіні анықтап, ұстаған.

Белгілі болғандай, әйел таксиде кішкентай баласымен бірге келе жатқан. Жол үстінде бала абайсызда көлік салонын былғап алған. Бұған ашуланған 53 жастағы жүргізуші жолаушыға дөрекілік көрсетіп, тіл тигізе бастаған.

Көлік тоқтағаннан кейін ер адам сыртқа шығып, әйелмен сөзге келуін жалғастырған. Ол балағат сөздер айтып, агрессиялық мінез көрсеткен. Жолаушы болған жағдайды ұялы телефонына түсіріп, полицияға шағымданған.

Алматы полициясы жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беріп, жиналған материалдарды сотқа жолдаған. Сот шешімімен ер адам жеті тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Полиция өкілдері тұрмыстық жанжал немесе жолаушының әрекетіне көңілі толмау адамның ар-намысын қорлауға және қоғамдық тәртіпті бұзуға негіз бола алмайтынын ескертті. Әсіресе мұндай әрекеттердің балалардың көзінше жасалуына жол берілмейтінін атап өтті.

 

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз