Live

Ақтауда толассыз жауған жаңбыр салдарынан қаланың 11 аумағын су басты

Коммуналдық қызметтер мен құтқарушылар суды сору жұмыстарын күшейтілген режимде жүргізіп жатыр. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтау

Мәліметке сүйенсек, күндізгі және түнгі ауысым кезінде көшелер мен жолдардан шамамен 10 мың текше метр су сорылған. Жұмысқа 20-ға жуық арнайы техника мен 50 жұмысшы жұмылдырылды.

Су сору жұмыстары 17 және 18А шағынаудандарының қиылысында, 31-шағынаудандағы "Хазар" базары маңында, сондай-ақ 29 және 29А, 13 және 15, 11 және 14-шағынаудандар арасындағы аумақтарда жүргізілген. Оған коммуналдық қызметтермен қатар төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, жергілікті атқарушы органдар мен мердігер ұйымның жұмысшылары тартылды.

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров жолдарды күтіп ұстауға жауапты Green City Aktau компаниясының жұмысын сынға алды. Ол ұйым басшылығына арнайы техниканың санын шұғыл көбейтуді және қажет болған жағдайда жеке кәсіпкерлерді де жұмысқа тартуды тапсырды.

"Су басқан жерлерді тазарту үшін жеке кәсіпкерлерді тартыңыздар. Қазірден бастап техниканың санын көбейтіңіздер", – деді облыс әкімінің орынбасары.

Қазіргі уақытта су сору және жолдарды қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Алайда синоптиктердің болжамынша, 8 қарашада Маңғыстау облысында жаңбыр жауып, кей жерлерде нөсерге ұласуы мүмкін. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді деп күтіледі.

Құтқарушылар тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға және аса қажеттілік болмаса, алыс жолға шықпауға шақырды.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: Ақтау Нөсер
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз