Live

АҚШ-та қызылша өршіді: 35 жылда алғаш рет 5 мыңнан астам адам ауырды

АҚШ-та қызылша өршіді: 35 жылда алғаш рет 5 мыңнан астам адам ауырды

қызылша

АҚШ-та қызылша ауруын жұқтырғандар саны 5 мыңнан асты. Мұндай жоғары көрсеткіш елде соңғы 35 жылда алғаш рет тіркеліп отыр.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметінше, 2026 жылғы 5 қарашадағы жағдай бойынша елде қызылша жұқтырудың 5 182 жағдайы тіркелген. Бұл – 1991 жылдан бергі ең жоғары жылдық көрсеткіш.

Ауру жұқтырғандардың 562-сі ауруханаға жатқызылған. Сондай-ақ қызылшадан төрт адамның қайтыс болғаны ресми тіркелген.

Биыл АҚШ аумағында қызылшаның 43 індет ошағы анықталған. Аурудың таралуы елдегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты алаңдаушылық туғызып отыр.

Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы АҚШ-та қызылшаның 2 289 жағдайы тіркелген. Ал биылғы көрсеткіш былтырғы жылдық деңгейден екі еседен астам жоғары.

Қызылша – ауа арқылы таралатын аса жұқпалы вирустық инфекция. Ауру дене қызуының көтерілуі, жөтел, мұрыннан су ағу, көздің қызаруы және теріде бөртпенің пайда болуымен сипатталады. Кей жағдайда пневмония, мидың қабынуы сияқты ауыр асқынуларға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.

Мамандар қызылшадан қорғанудың ең тиімді жолы вакцинация екенін ескертеді. Әсіресе екпе алмаған балалар арасында аурудың таралу қаупі жоғары.

Айта кетейік, АҚШ-та қызылшаның жергілікті тұрақты таралуы 2000 жылы жойылды деп жарияланған. Алайда кейінгі жылдары тіркелген індет ошақтары елдің осы мәртебесін сақтап қалуына қатысты мәселе туындатты.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: қызылша
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз