Live

«Қызылжар» футбол клубының бұрынғы президентіне іздеу жарияланды

Солтүстік Қазақстан облысында "Қызылжар" футбол клубының бұрынғы президенті, 72 жастағы Григорий Лорияға іздеу жарияланды.

Григорий Лорияға

Оны облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті іздестіріп жатыр.

Іздеуде жүрген адамдардың дерекқорындағы мәліметке сәйкес, іздеу жариялауға Қаржылық мониторинг агенттігі бастамашы болған.

Бұған дейін Григорий Лорияның өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу, сондай-ақ салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару ісі бойынша күдікті екені хабарланған.

Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, Лория Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жауап алуға келмеген. Сондай-ақ оны сырттай қамауға алуға санкция беру туралы тергеу өтінішхаты қаралған сот отырысына да қатыспаған. Осыдан кейін оған іздеу жарияланған.

Григорий Лория 1954 жылғы 18 наурызда дүниеге келген. Ол – Қазақстан азаматы.

Еске салайық, 2024 жылы «Қызылжар» футбол клубында бюджет қаражатының жымқырылғаны анықталған болатын. Аталған істің бір эпизоды бойынша клуб бухгалтері Ольга Замелацкая сотқа тартылды.

2026 жылдың қаңтарында сот оны 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Қазір ол жазасын өтеп жатыр.

Ал Григорий Лорияға қатысты бөлек қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз