Live

Ақтөбе әкімдігі мүгедектігі бар адамдардың митингісіне берген рұқсатын кері қайтарды

Ақтөбе әкімдігі мүгедектігі бар адамдардың митингісіне берген рұқсатын кері қайтарды

Митинг

Ақтөбе қаласының әкімдігі мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік құқықтарын қорғауға арналған митинг өткізу туралы бұрын қабылдаған шешімінің күшін жойды. Бұған қаладағы саябақта жүргізілетін жөндеу жұмыстары себеп болғаны айтылды.

Бұл туралы митинг ұйымдастырушысы, құқық қорғаушы Мұсағали Дауылов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Бұған дейін әкімдік 3 желтоқсанда, Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күніне орай, Ақтөбенің Астана ауданындағы "Авиатор" саябағында бейбіт жиын өткізуге келісім берген. Митинг сағат 10:00-ден 11:55-ке дейін өтуі тиіс еді.

Алайда 6 қарашада ұйымдастырушыға митинг өткізуге берілген рұқсаттың күші жойылғаны туралы құжат тапсырылған.

Қала әкімінің орынбасары Әсет Оралбаевтың хатында "Aqtobe Su-Energy Group" акционерлік қоғамы аталған аумақта апаттық қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетіні көрсетілген. Осыған байланысты әкімдік 14 қазанда қабылданған № 762 қаулының күшін жойған.

Әкімдік митингіні басқа орынға немесе уақытқа ауыстыру мүмкін емес екенін де мәлімдеген. Ресми жауапта қаладағы өзге арнайы орындарда басқа іс-шаралар жоспарланғаны айтылған.

Митингке қатысушылар мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта қалыптастыру, инклюзивті білім беруді дамыту, медициналық көмек пен оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттыру мәселелерін көтеруді жоспарлаған.

Сонымен қатар әлеуметтік жәрдемақы мөлшері, еңбек етуге тең мүмкіндік жасау, лайықты жалақы мен баспанамен қамтамасыз ету мәселелері де талқылануы тиіс болған.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз