Алматыда жүк көліктерін жаппай тоқтатуға шақырған тұрғын 15 тәулікке қамалды
Алматыда жүк көліктерінің қозғалысын жаппай тоқтатуға шақырған 41 жастағы тұрғын 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ер адам әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, жүргізушілерді жүк көліктерінің салмағына қойылған шектеулерге қарсы наразылық акциясына қатысуға шақырған.
"Полиция қызметкерлері салмақ шектеулеріне қарсы наразылық акциясына шығуға шақырған бейнеүндеудің авторын анықтады. Әлеуметтік желіде жарияланған видеода ер адам 1 қарашада жүк көліктерінің қозғалысын ұйымдасқан түрде тоқтатуға үндеген. Үндеу авторы 41 жастағы Асылжан Баймұханов болып шықты. Рұқсат етілмеген бұқаралық іс-шараны ұйымдастыруға шақырғаны үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – делінген полиция хабарламасында.
Сот шешімімен Асылжан Баймұханов кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Айта кетейік, жүргізушілердің наразылығына жүк көліктерінің салмағына қатысты енгізілген шектеулер себеп болған. Алайда аталған шектеулердің нақты қандай талаптарына қарсылық білдірілгені полиция хабарламасында нақтыланбаған.