«Алтыналмас» компаниясы «Майқайыңалтынды» Gouden Reserves B.V компаниясына сатты
Қазақстанның алтын өндіруші ірі компанияларының бірі «Алтыналмас» өзінің еншілес кәсіпорны «Майқайыңалтынның» 100 пайыз үлесін Gouden Reserves Kazakhstan Limited компаниясына сатты.
Бұл туралы Астана халықаралық қаржы орталығының (AХҚО) Astana International Exchange биржасында жарияланған құжатта айтылған.
Хабарламаға сәйкес, мәміле құны 8,7 миллиард теңгені (17,8 миллион доллардан астам) құрады.
Сату-сатып алу келісімшарты 2026 жылғы 27 сәуірде жасалып, мәміле 17 маусымда рәсімделген.
Осы мәміледен кейін «Майқайыңалтын» «Алтыналмас» компаниясының еншілес кәсіпорындары тізімінен шығарылды.
Сатып алушы – Gouden Reserves Kazakhstan Limited. БАҚ мәліметінше, бұл компанияның акционері Нидерландта тіркелген Gouden Reserves B.V. .
Forbes басылымының дерегіне сәйкес, Gouden Reserves B.V. қазіргі таңда «Алтыналмас» компаниясының негізгі акционері саналады және оның 66,39 пайыз үлесіне иелік етеді. Ал тағы 22,63 пайызы қазақстандық кәсіпкер Владимир Джуманбаевқа тиесілі. Қалған акционерлер туралы ақпарат жарияланбаған.
Өткен жылы «Алтыналмас» «Майқайыңалтынды» Rense Enterprises Limited компаниясынан сатып алған болатын. Forbes мәліметінше, ол кездегі мәміле құны 6,06 миллиард теңгені құраған.
«Майқайыңалтын» Павлодар облысында алтын кенін өндірумен және өңдеумен айналысады. 2024 жылдың қаңтарында кәсіпорын шахтасында қайғылы оқиға болып, жүргізуші мен үш тау-кен құтқарушысы отырған автобус жер астындағы опырылған кеңістікке құлап кеткен еді. Оқиға салдарынан төрт адам қаза тапқан.
«Алтыналмас» Қазақстандағы алтын өндіру көлемі мен минералдық ресурстары бойынша жетекші үш компанияның қатарына кіреді. Оның өндірістік активтері еліміздің бес өңірінде орналасқан.
Биыл наурыз айында кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліпке тиесілі Central Asia Resources Holding Ltd. компаниясы «Алтыналмасты» сатып алатыны белгілі болған еді. Алайда мәміленің толық аяқталғаны туралы ақпарат жарияланған жоқ.
Сол кезде Central Asia Resources Holding компаниясы «Алтыналмас» тобы мен оның еншілес құрылымдарына толық бақылау орнатуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.
Ал биыл мамыр айында Мүтәліпке тиесілі Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы Шодиев пен марқұм Машкеевичтің мұрагерлеріне тиесілі Eurasian Resources Group акцияларының шамамен 40 пайызын сатып алған болатын.