Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:08, 30 Қыркүйек 2023

Аманжол Қалыш, профессор: Мұнай мен газды сатқанымызға мақтандық

мұнай
Фото: из открытых источников

Қазір өтпелі кезеңде тұрмыз. Бес мың жылдық тарихы, өркениеті бар, осындай кезеңдердің бәрінен өткен қытай халқында «сіздерге өтпелі кезеңді тілейміз» деген тәмсіл бар, мұны олар жауларына айтады. Біздікі дәл сондай кезең.

Бір формациядан екінші формацияға көшіп жатырмыз. Бұрынғы формацияны өзіңіз білесіз. Соның кесірінен заң, конституция жұмыс істемейді. Бір ғана мысал айтайын – байлар мен кедейлердің арасы өте алшақтап кеткен. Францияның ғалымдары айтады: «Революцияны данышпандар ойлап табады, жүзеге асыратын халық, ал нәтижесін көретін алаяқтар» деп. Біздегі жағдай дәл осының кейпі. Халық тәуелсіздік алды, қиын кезден өтті, бірақ соның ешбір игілігін көрген жоқ. Басшылар өздеріне қалай ыңғайлы, бәрін солай жасап отыр. Америка, Ұлыбритания конституцияларын қараңыз, осы уақытқа шейін бар жоғы 10-15 өзгеріс. Ал біздің конституциямыз 30 жылдың ішінде қанша өзгеріске ұшырады, тіпті санынан жаңыласың. Негізі әу баста конституцияны Батыстың ең озық үлгілерін алып, заңгерлер, ғалымдар керемет жазып еді. Ал соның арты не болды? Мұны бүкіл халық біледі. Елді жойдақсыз жемқорлық жайлады. Байлығымыздың бәрі талан-таражға түсті.

Жаңадан дамып келе жатқан мемлекеттің бәрі түрлі қиыншылықтан, өтпелі кезеңнен өтеді. Мысалы, Латын Америкасы, Оңтүстік Америка, Азия, Африка елдері бәрі мұны басынан кешті. Бірақ бұдан бірен-сараңы ғана аман-сау шықты. Біз содан шыға алмадық. Кезінде «шетелден инвестиция тартамыз» деді. Бірақ сол инвестиция кімнің қалтасына құйылды? Әрине, биліктегілердің. Бұдан ел экономикасы жақсармады, халықтың күнкөрісі оңалмады. Егер байлығымызды оңды-солды шаша бермей, оны жартылай болса да өңдеп сатсақ, бұдан әлдеқайда тиімді болар еді. Ең өкініштісі – мұны істей алмадық.

Мұндай өліара кезде әдетте рухани, діни жағынан да өзгерістер болады. Соңғы жылдары діни алауыздық асқынып тұр. Мұны әу баста бір ізге салу керек еді. Кезінде Рәтбек қажы Нысанбайұлын қаралап, «анау деді, мынау деді». Шынын айтқанда, мұның өзі саясат болды. Себебі о кісі арабша оқыды, білімі, білігі жетік, сәләфиттердің кім екенін білді. Сондықтан оны жұмысынан кетіріп, өз адамдарын дінге әкелді. Мұның ақыры діни алауыздыққа ұласты. Әуелде өз мәсһабымызды дамыту керек еді. Жоқ, біз өйтпедік, дінді паразиттер қолына алып алды да, халықты жан-жаққа бөлшектеп жіберді. Содан кейін білімі таяз, дүмше молдалар көбейді. Жастар да ештеңенің байыбына бармай, солардың соңынан ерді.

Негізі бізге тәңіршілдік те, басқасы да керек емес, өзіміздің ханафи мәсһабы бар, соның өзі жетеді. Бұл –тарихтан келе жатқан үрдіс. Сонау Алтын Орда дәуірінен бері солай. Онда бәрі исламды қабылдады, соның төңірегіне ұйысты, алабөтен ештеңе болған жоқ. Дін ол кезде мемлекеттің тұтастығына қызмет етті. Міне, көрдіңіз бе, қай кезде де дін ұлттың, халықтың бірлігін сақтап қалатын идеология. Сондықтан өз мәсһабымызды берік ұстану керек. Көршіміз Түркіменстанды, Өзбекстанды қараңыз. Өзінің ежелден келе жатқан ханафи мәсһабын ұстанып отыр. Сақалдылардың бәрінің сақалдарын алғызып тастады.

Жинақтап айтқанда, мұның бәрі экономикаға келіп тіреледі. Ал оның көтерудің ұтымды жолы жерасты байлықтарын дұрыс пайдалану. Мысалы, 60-70 жылдары арабтар түйенің шұбатынан басқа түгі де жоқ, өте кедей еді. Ұлыбританияның отары болды. Арада 20-30 жыл өткенде, міне, қандай деңгейге жетті?! Егемен елін құрды, экономикасын дамытты. Билеушілері ислам дінін қолдады. Халықты алдаған жоқ. Батыстың өндірушілерін кіргізгенде басшысы тек сол елдің азаматы бола алады. Ал сырттан келгендер тек орынбасар қызметін атқарды. Ал бізде мүлде басқаша. Мысалы, сырттан келген мамандар 2 мың доллар алса, жергілікті тұрғындар мың доллар да ала алмайды. Сөйтіп, біздің байлығымыз ит пен құсқа жем болды. Кезінде осыны айтып, Жаңаөзенде халық толқыды. Бірақ Назарбаев оларды аяған жоқ, атты, қырды, өлтірді. Тіпті мұның соңын дінді араластырып, жылы жауып қойды. Түптің түбінде мұнай бітеді, газы бітеді, сонда халық қалай күн көреді? Сондықтан мемлекет деңгейінде өндіріс ашылуы керек. Шикізатты сатуды тоқтатқанымыз дұрыс. Мұндай жабайы әдісті ең артта қалған, дамымаған елдер пайдаланады. Ал біз мұнай мен газды сатқанымызға мақтанамыз. Анығында Қытай бізден шикізатты тиынға алып, өнімді он еселеп, қайта өзімізге сатып отыр. Сондықтан ең әуелі экономиканы қолға алу керек. Ол түзелмей, басқасы оңбайды. Мұның бәрі өз қолымызда.

Тегтер: