Amnesty International: Иран өлім жазасын орындаудан әлемдік көшбасшы
Amnesty International: Дүниежүзіндегі өлім жазасының саны 1981 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке жетті, Иран – өлім жазасын орындаудан әлемдік көшбасшы.
Amnesty International ұйымының 18 мамырда жарияланған жаңа баяндамасында 2025 жылы әлемде кем дегенде 2 707 адамның өлім жазасына кесілгені айтылған — бұл 1981 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Құқық қорғаушылар бұл өсімнің басты себептерінің бірі ретінде Ирандағы өлім жазасының күрт көбеюін атап өтті.
Ұйымның мәліметінше, өткен жылы Иранда 2 159 адам өлім жазасына кесілген. Amnesty бұл көрсеткішті «жаға ұстатарлық» және ел үшін соңғы онжылдықтардағы ең жоғары көрсеткіш деп атады. Құқық қорғаушылардың пайымдауынша, Иран билігі өлім жазасын саяси қысым көрсету және басқаша ойлайтындарды (оппозицияны) тұншықтыру құралы ретінде барған сайын белсенді түрде қолдануда – әсіресе 2025 жылдың жазындағы Израильмен болған соғыстан және жаппай үкіметке қарсы наразылықтардан кейін.
Amnesty әлемдегі нақты цифрлар бұдан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін ескертеді, себебі бұл статистикаға Қытай қосылмаған. Құқық қорғаушылар ҚХР-да жыл сайын «мыңдаған өлім жазасы» атқарылатынын алға тартады, алайда нақты деректер құпия сақталған.
Ираннан бөлек, Сауд Арабиясы, Кувейт, Мысыр, Йемен және АҚШ-та да өлім жазасына кесілгендер санының өскені тіркелді. Баяндама мәліметтеріне сүйенсек, Сауд Арабиясында 2025 жылы кем дегенде 356 адам өлім жазасына кесілген – бұл ел үшін жаңа рекорд. Ал АҚШ-та орындалған өлім үкімдерінің саны 47-ге жетіп, 2009 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішті көрсетті. Өлім жазасының басым бөлігі Флорида штатына тиесілі.
Баяндама авторлары өлім жазасының көбеюін бірқатар елдердегі авторитарлық тенденциялардың күшеюімен байланыстырады. Олардың пікірінше, билік басындағылар бақылауды көрсету, азаматтық бостандықтарды шектеу және сын-пікірлерді тұншықтыру үшін қатаң жазалау шараларын жиі қолданатын болған.