Саясат

АҚШ пен Украина Майамиде соғысты тоқтату жолдарын талқылады

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Майамиде Украина делегациясымен өткен келіссөздерді нәтижелі деп бағалады.

Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер

Тараптар қысқа дайындық, қауіпсіздік кепілдіктері, Украинаны қалпына келтіру және соғысты тоқтатудың ықтимал жолдарын талқылады. Бұл туралы Deutsche Welle басылымы жазды.

9 қазан, жұма күні өткен кездесуде қысқа мерзімді дайындық шаралары, атап айтқанда, энергетикалық инфрақұрылымды нығайту және астық экспортын қамтамасыз ету мәселелері қаралған. Бұл туралы Уиткофф X әлеуметтік желісінде жазды.

Сонымен қатар тараптар Украинадағы берік әрі ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізу жолдарын, қауіпсіздік кепілдіктерін және болашақта жаңа қақтығыстардың алдын алу шараларын талқылаған.

Келіссөздер барысында Украина мен Еуропаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, соғыстан кейін Украинаны қалпына келтіру, ел экономикасын дамыту және Украинаның Еуропалық одаққа қосылу перспективасы да сөз болған.

"Пікір алмасу нәтижелі өтті және АҚШ-тың Ресеймен алдағы байланыстары қарсаңында қосымша пысықтауды қажет ететін бағыттарды айқындауға мүмкіндік берді", – деп жазды Уиткофф.

Алайда ол келіссөздердің бұған дейін жоспарланғандай 10 қазанда жалғасатынын нақтыламады.

Кездесуге Уиткоффтан бөлек, Дональд Трамптың күйеу баласы әрі келіссөздердегі бейресми делдал Джаред Кушнер, АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесі мен Қаржы министрлігінің өкілдері қатысты.

Сондай-ақ АҚШ Германия, Франция және Ұлыбританияның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілерін шақырған. AFP агенттігінің хабарлауынша, Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен мен НАТО бас хатшысы Марк Рютте Майамиге өз аппараттарының басшыларын жіберген.

Келіссөздер мерзімінен бұрын аяқталды ма?

Radio Free Europe/Radio Liberty радиосының Вашингтондағы аға тілшісі Алекс Рауфоглу дереккөздеріне сүйеніп, Майамидегі келіссөздердің екінші күні өтпейтінін хабарлады. Оның мәліметінше, кездесу жоспарланған уақыттан бұрын аяқталған.

Айта кетейік, келіссөздердің алғашқы күні, 9 қазанда Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен ресейлік дизель отынын АҚШ пен әлемдік нарыққа жеткізу туралы келісімге келгенін мәлімдеген.

Ал Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ, Украина және Еуропа елдері қыс басталғанға дейін Ресейге соғысты тоқтату жөніндегі бірлескен ұсыныс жасауды жоспарлап отыр.

Агенттіктің келіссөз барысынан хабардар дереккөзі Майамиде бұл жоспардың алты сағат бойы талқыланғанын айтқан.

Ұсыныс соғыстан кейінгі кезеңге арналған шаралар кешенін қамтиды. Оның ішінде АҚШ пен Еуропаның Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беруі, ел экономикасын қалпына келтіру жоспары және Украинаның Еуропалық одаққа ықтимал мүшелігі бар.

Сондай-ақ келіссөздер барысында аумақтық мәселелерге қатысты кейбір ұсыныстар да талқыланған.

Әзірге тараптардың нақты қандай шешімге келгені және Ресейге ұсынылатын бейбітшілік жоспарының толық мазмұны жарияланған жоқ.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз