Әлеумет

АҚШ Польшада Patriot зымырандарына қызмет көрсететін әскери орталық салады

АҚШ Польша аумағында Patriot әуе қорғанысы жүйесінің зымырандарына техникалық қызмет көрсететін орталық салуды жоспарлап отыр.

Патриот

 Бұл туралы Польшаның қорғаныс министрінің орынбасары Магдалена Собковяк-Чарнецкая мәлімдеді.

27 қазанда қабылданған шешімге сәйкес, Польшада америкалық Patriot жүйесінде қолданылатын PAC-3 зымырандарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету орталығы ашылады.

Жобаны жүзеге асыру құқығына Польша, Германия, Нидерланд және Норвегия таласқан. Нәтижесінде АҚШ тарапы Польшаны таңдаған.

"Тарихи шешім! Patriot жүйелеріне арналған PAC-3 зымырандарына техникалық қызмет көрсету орталығы Польшада салынады!" – деп жазды Собковяк-Чарнецкая X әлеуметтік желісінде.

Польша қорғаныс министрінің орынбасарының айтуынша, бұған дейін АҚШ Patriot зымырандарына қызмет көрсету технологиялары мен тәжірибесін басқа елдерге беруге құлықсыз болған.

Жаңа орталықтың ашылуы Еуропадағы әуе қорғанысы жүйелерінің дайындығын арттырып, зымырандарды жөндеу мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Қазір техникалық тексеру мен сертификаттауды қажет ететін зымырандар АҚШ-қа жіберіледі. Бұл процесс бірнеше айға, кейде бір жылдан астам уақытқа созылады.

Reuters агенттігінің мәліметінше, жобаның құны шамамен 1 миллиард злотыйды (253 миллион доллар) құрайды. Польша билігі орталықты шамамен бір жыл ішінде іске қосуды жоспарлап отыр.

Орталықтың жұмысына Германия, Нидерланд және Швеция да қатысады. Аталған мемлекеттер зымырандарға қызмет көрсетуге қажетті жабдықтар мен жеткізу тізбегін қамтамасыз етуге атсалыспақ.

Польша билігі болашақта өз аумағында Patriot жүйесіне арналған зымырандарды өндіру мүмкіндігін де қарастырып отыр. Алайда әзірге келісім тек техникалық қызмет көрсету, жөндеу және сертификаттау орталығын құруды қамтиды.

Жаңа нысан НАТО-ның шығыс қанатындағы әскери инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған. Украинадағы соғыс пен Таяу Шығыстағы қақтығыстар жағдайында әуе қорғанысына арналған зымырандарға сұраныс артып, оларды жеткізу және жөндеу мәселесі Еуропа елдері үшін өзекті болып отыр.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз