Арыс әкімі ұлының көлігіне мінген студент екі аяғынан айырылды: іс рақымшылықпен тоқтатылды
Жол апатынан кейін екі аяғынан айырылған 21 жастағы студент Талғаттың ісі рақымшылыққа байланысты тоқтатылды.
Апат болған кезде көлікті Арыс қаласының әкімі Қайсар Манқараевтың ұлы басқарған.
Павлодар облысының Полиция департаментінің мәліметінше, қылмыстық істі тоқтату туралы шешім 16 қыркүйекте қабылданған. Іс шешімді бекіту үшін Екібастұз қаласының прокуратурасына жолданды. Ал зардап шеккен тарапқа азаматтық тәртіппен сотқа жүгіну ұсынылған.
Жол апаты 2026 жылғы 29 мамырда Астана – Павлодар тасжолында болған. Көлік металл қоршауға соғылып, қоршау темірі салонды тесіп өткен. Салдарынан жолаушы ауыр жарақат алып, екі аяғын да ампутациялауға тура келген.
Тергеу жол қозғалысы ережесін бұзып, адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру дерегі бойынша жүргізілген.
Зардап шеккен Талғаттың әпкесі Гүлсімнің айтуынша, қазір 21 жастағы жігіт үйінде ем қабылдап жатыр және алда тағы бір операция күтіп тұр. Оның сөзінше, оңалтуға жұмсалатын негізгі шығындар әлі алда.
Сондай-ақ Гүлсім шілде айының басынан бері көлік жүргізушісінің отбасы Талғаттың туыстарымен байланысқа шықпағанын және көмек көрсетпегенін мәлімдеді.
Бұған дейін Арыс қаласының әкімі Қайсар Манқараев көлік тізгінінде өзінің ұлы болғанын растаған. Ол тергеу ісіне араласпайтынын айтқан.
«Заң бәріне бірдей болуы керек. Оның ішінде менің отбасы мүшелеріме де», – деген еді әкім.