Саясат

Аркадагтың ақыры

Түрікмен халқының төзімі таусылды

Аркадагтың ақыры

Түрікменстан билігі үшін енді жағымсыз жаңалықтармен барын салыпкүресуден басқа стратегия да қалмаған сыңайлы. Елдегі экономикалық дағдарыс туралы сөз қозғайтын сайттар шетінен бұғатталуда, ал тыйым салынған сайттарды VPNсервисі арқылы оқитын азаматтар кәдімгідей қудалауға ұшырауда.

      Билік өкілдері студенттерден тыйым салынған сайттарға кірмейтіні жөнінде қолхат алып жатыр деседі. Гурбангулы  Бердымухамедов билігі шетелдегі түрікмен оппозициясының YouTube каналына шағым түсіріп, оның жабылуына да қол жеткізді.

       Бұған дейін, тамыз айында тәуелсіз баспасөз «Түрікментелекомның» Германиядан жаңа технологиялар сатып алып, қытайлық мамандардың көмегімен VPN сервистерін бұғаттап жатқанын хабарлаған еді. Телефонына VPN орнатқан адамдарға айыппұл салып, 15 тәулікке дейін қамап жатыр деген ақпарат та тараған.  Түрікменстанда онсыз да желіге шығу қиын еді, енді «жағымсыз ақпаратпен күрес» науқанында халық тіптен байланыссыз қалуы мүмкін.

    Түрікмен билігінің неге өйтіп жанталасып жатқаны белгілі. Елдегі жағдай әбден нашар. Халықтың шыдамы әне-міне таусылайын деп тұр. Соңғы бес жыл бойы Түрікменстан тым терең экономикалық дағдарысқа түсіп кетті.

    Түрікменнің табиғи газын сатып алатын ірі тұтынушылар – Қытай мен Ресей биыл наурызда сатып алу көлемін қысқартатынын мәлімдеген. Биыл елдің түрлі аймақтары су басу мен құрғақшылыққа тап болды, тұзды дауыл астықты құртып, фермерлердің егіс алқаптарын сілті басты.

     Билік зардап шеккен фермерлерге қажетті көмек көрсетпеді. Елде коронавирус жоқ деп, әлі де танбай отырғаны тағы бар. Шындығында, вирустың таралуы уыстан шығып кеткен, ауруханаларда бос орын жоқ, дәрі-дәрмек өте тапшы.

      Бердымухамедов билігі тура осы жаңалықтарды халыққа жеткізгісі келмей, байланыстың бәрін бұғаттап жатыр. Шетелдегі оппозицияның күші мен қатары артқан сайын үкімет осындай «қауіпсіздік шараларын» күшейтуге мәжбүр. Сырттағы түрікмендер Аркадагты тағынан тайдыруға шақырып, митингілер ұйымдастыруда.

    Түрікмен билігі бұрын-соңды мұндай қиын жағдайда болған емес. Таяу арада бұл елде өзгеріс болуы өте-мөте ықтимал болып тұр.

Тегтер: Без Тега
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз