Армения премьер-министрі Никол Пашинян қызметінен кететінін мәлімдеді
Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян ресми түрде қызметінен кететінін жариялады.
Сонымен қатар ел Үкіметі де толық құрамда отставкаға кетті.
Бұл туралы Пашинян әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, шешім ел Конституциясының талаптарына сәйкес қабылданған.
«Бүгін Армения Ұлттық жиналысының жаңа шақырылымының алғашқы отырысы басталды. Конституцияның 158-бабына сәйкес, жаңадан сайланған парламент жұмысының алғашқы күні Үкімет отставкаға кетуге міндетті», – деп жазды ол.
Пашинян қазіргі Үкіметтің өкілеттігін тоқтату туралы шешімге қол қойғанын, құжатқа қол қою үшін Армения президенті Ваагн Хачатурянға жолданатынын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін премьер-министр Үкіметтің 2 тамыз күні жаңа шақырылған Ұлттық жиналыстың жұмысы басталуына байланысты отставкаға кететінін алдын ала хабарлаған болатын.