Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарян екі айға қамауға алынды
Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарянға қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Бұл туралы елдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетінің баспасөз хатшысы Марина Оганджанян хабарлады.
1998-2008 жылдары Армения президенті болған Кочарянға қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану, аса ірі көлемде ақшаны жылыстату және аса ірі көлемде пара алу айыптары тағылған.
Бұған дейін сот тергеу органының Кочарянды қамауға алу туралы өтінішін қарай бастаған. Түнде дәрігерлердің нұсқауымен саясаткер ауруханаға жеткізілгендіктен, сот отырысы оның қатысуынсыз жалғасқан.
Марина Оганджанянның айтуынша, судья Саркис Дадоян төрағалық еткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сот тергеушінің өтінішін толық қанағаттандырып, бұрынғы президентті екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды.
Еске салайық, 25 тамызда Роберт Кочарян, оның ұлы Седрак және тағы төрт адамның болжамды сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қатысты іс аясында ұсталғаны хабарланған. Сол күні Кочарян мен оның отбасы мүшелерінің үйлерінде тінту жүргізіліп, бірнеше ондаған мекенжайда тергеу әрекеттері өткен.
Тергеу нұсқасы бойынша, Кочарян президент болып тұрған кезінде өзіне жақын адамдармен сөз байласып, қызметтік өкілеттігін пайдалану арқылы мемлекеттік мүліктің заңсыз иеліктен шығарылуына және құнды нысандардың нарықтық бағадан едәуір төмен бағаға сатып алынуына ықпал етуі мүмкін. Іс материалдарында оның ұлының атына жасалған ірі көлемдегі ақша аударымдары да бар.
Айта кетейік, Кочарян қамауға алынардан бір күн бұрын, 24 тамызда Армения парламентінде премьер-министр Никол Пашинян мен оппозициялық «Армения» блогының депутаты, экс-президенттің ұлы Левон Кочарян арасында сөзге келу болған.
Пашинян Кочарян отбасының байлығының қайдан келгені туралы мәселе көтеріп, оның өкілдерін жауапқа тарту ниетін мәлімдеген. Ал Левон Кочарян премьер-министрді соттар мен тергеу органдарына саяси қысым көрсетіп отыр деп айыптаған.