Кейіпкер

"Ары-бері жолдағы" адамдар

Үйден шығып, соқпақ жолға түсерде "Ары-бері" жолға кетіп барам" деймін.

Сайын Мұратбек

 Бұны зайыбым ғана түсініп, түсінбегендер үрпиісіп қалады. Бұл сөздің астарында мән бар, енді соны айтайын.

Бұл – Сайын Мұратбек жазған әңгіменің атауы, санамда тат боп тұрып қалған таңба. Осы әңгіме біздің студент кезімізде жарияланды.  "Жұлдызды" жастанып жататын біздер әңгімені бір деммен оқып, бір күнде "дәу жігіт" боп шыға келдік.

Бала Бөкен аудан орталығына Көкбайдың салдырлақ мәшинесімен кітап алуға барып, қайтар жолда көкірегінде тәтті сезім мен қызғаныш оянған батыл бала боп оралады. Бұл әңгімеде орта жолда шорт үзілген баянсыз махаббат, қала көрмеген ауыл баласының келер күндерге қол созған арманы, басы бос емес әйелдің қазақы қайшылықтарға қол сілтеген жан сезімі бар. Ары-бері жолды суреттеген қаламгер шедевр шығарма тудырған, оның шеберлігі сол кезде біз сияқты еліктеу дәуірін бастан өткергендерге үлгі әрі шеберлік ұстаханасы болды. Бас кейіпкер шопыр Көкбай "Қан мен тердегі" белсенді Еламан да емес, "Тынық Дондағы" есалаң Гриша да емес, ол – мәшине тізгінін ұстаған алақаны тілім-тілім дөкірлеу жігіт болса да, төмен етекке деген ибасы бар ер-азамат, ал оның жолай мінгізіп алған, кезінде үйлене алмай кеткен махаббаты Күлшара Аксинья да, Анна Каренина да, өзіміздің Ақбала да емес, әскерге кеткен жігітін күте алмай, "алып қашудың" құрбаны болған, бірақ сүйгеніне деген сезімін жүрегіне құлыптап сақтап жүрген төмен етек еді. Ол ойқы-шойқы жол үстінде мәшиненің тар кәбеңкесінде теңселіп отырып, өзінің таза болмысын білдіріп, әйелдік жан сезімін ақтарып салады. Ары жүрген жол сүйген жүректердің бір-бірімен құпия табысуы болса, бергі жол жас өскіннің көзін ашып, қызғаныш сезімін оятқан есею жолы болды. Адамды ә дегеннен баурап әкетер шынайы эпизодтар, қазақы ауыздан шыққан құлақ құрышын қандырар диалогтар жаныңды тербейді. Әңгімеде өмір бар. Бұл әңгіме тек мен емес, мен сияқты талайдың аузынан түспей жүрген жыр дер едім. Бұл біздің көркем прозадағы жетістігіміз.

Жас күнімде жүргінші жолы – терренкурда Сайын Мұратбектің соңынан ердім. Сөздің мәнісі былай. Кіші Алматы өзені бойымен Медеуге дейін созылған соқпақ жолда Сайын Мұратбек пен "Жұлдыздың" бас редакторы  Бекежан Тілегенов және республиканың Бас прокуроры үшеуі қатар жүріп, биікке қарай өрлейді. Мен бала болғанмен "құдайы қоңсы" деген атым бар, араға он-он бес адым қашықтық салып, соңдарынан ерем. Қатар жүруге прокурордан сескенем, қаралаушы кәсіп иесінің түр-түсі бір қарағанда сондай суық көрінді. "Тұйық өмірдің құпиясын" жазған Бекежан Тілегенов болса, терісі кең, парасатты жан әрі тікелей бастығым. "Жұлдыз" деген қасиетті орын әдебиетке еңбек сіңіріп, зейнетке бет бұрғандар істейтін әдеби мекеме еді, жыл жарым бұрын проза бөліміне қызметке тұру үшін мен де конкурсқа түстім.

– Мына баланы білесің  бе? – деп сұрапты "Жұлдыздың" бас редакторы  Сайын ағадан.

– Білемін.

  –  Үшеудің бірі боп конкурсқа түсіпті. Өзі Одаққа да жақында өткен екен.

–  Ала берсейші, жастардың бетін қайтармайық. Өзі бізбен көрші, қарсы үйде тұрады, – деген Сәкеңнің сөзінен кейін "Жұлдыздың" проза бөліміне топ ете қалдым.

   Ал енді Сайын ағамен қалай жүздестім.

   …Жазушылар одағының алдында "Ары-бері жолдың" сырттай таныс авторымен қарсы кездесіп қалғанда именбей сәлем бердім.

– Шырамытып тұрмын, аты-жөнің кім еді? – деді. Ныспым мен тегімді айттым. – Келесі нөмірге әңгімең кетіп барады, – деді де,  жол жиегінде тұрған көлігіне отырып, жөнеп кетті.

Кейін "Қазақ әдебиетінің" қызметкері Нұрдәулет Ақыштан естідім, жоспарды қараған жиында бас редактор: "Мына "Қызыл жиде" деген әңгіме тағы да түсіп қалған ба? Нөмірге салыңдар, жастарды кейін ысыра бермейік", – деп пәрмен беріпті…

Арада біраз су ағып, Сайын Мұратбектің екі томдық шығармалар жинағы шығып, жұрт пышақ үстінен талап әкетіп жатқанда мен де үлгеріп сатып ап, Жазушылар одағындағы  жұмыс бөлмесіне кеп қолтаңба алдым.

"Қуандыққа! Алғашқы шығармаларыңды қызыға оқып, болашағыңның  жемісті болатынына сенім білдірген ағалық көңілден! Октябрь. 1986 ж." деп қолтаңбасын қойды. Екі том кітапханамның ең биігінде тұр.

Біздің буын "Абай жолының" басталуын жатқа айтамыз. "Үш күндік жолдың  бүгінгі,  соңғы күніне шәкірт бала барын салды" деп, шырт ұйқыдан тұрғызып ап сұраса да жаңылмаймыз. "Жусан иісі" повесінің   "Алыста қалған балалық шағым… Ойымнан жарғақ сары тоны қаудырлаған, тобығы тайған сол аяғын сүйретіп жүгіретін шілбиген арық, ақсақ қара бала бір кетпейді" деп басталуы да көкейімізге өшпестей боп жазылып қалған сөйлем. Біз соғыстан он жыл кейін туған ұрпақпыз. Әкемізден "қара қағаз" алмасақ та, тұл жетім атанып, балалар үйіне бармасақ та, осы шығарманы оқығанда Аян өмір сүрген дәуір көз алдымызға көлеңдеп, аяушылық сезімі жетім көңілді жебеп, соған қарай жақындай түседі, күріш отақ пен егіс басына тігілген масахана ішінде ертек айтып жатқан тәтті кезімізге қайта ораламыз, бейбіт заманда өмір сүрсек те, соғыс деген пәлекеттің салған ылаңын там-тұмдап сезінгендей боламыз. Үш ұлынан бірдей "қара қағаз" алған ауылдағы жалғызбасты Алтын әженің отынын бұтап, мал қорасын тазалап жүріп те Аянды ойлаймын, жетім көңілге жебеуші болған "Жусан иісіне" үйге келісімен тағы да бас қоямын. Сент-Экзюпери "Адам балалығына қарыздар" десе, қазақ даласының өмірде балаға деген қарызы болса, соны шынайы суреттеген осы Сайын Мұратбек дер едім.

Өз басым бұ кісіні жан дүниесі ерекше нәзік жаратылған жан деп ойлап жүрсем, "Жұлдызда" бірге істейтін белгілі ақын Рафаэль Ниязбек бірде:

– Сайын Мұратбектен жаман қорықтым, – дейді.

 – Неге? – деймін.

– Бір әңгімемді апарып едім, "Рафаэль-ау, айтарыңды бірінші абзацта-ақ айтып қойыпсың ғой. Әңгіме деген құпия болу керек" деді түсін суытып. Енді проза жазбаймын, – деді, шыны мен сырын қоса айтып.

Ал мен бұ кісінің жан нәзіктігін бүкіл шығармасынан айнаға қарағандай көріп тұрамын. "Жусан иісі" мен "Жабайы алма", "Менің қарындасым" мен "Райгүл", "Күсен-Күсеке" мен  "Қылау" – адам жанын баураған қылауы жоқ таза лиризм емес пе? Бәріміз Тургеневтің "Аңшының жазбалары", Паустовскийдің "Туған жердің түтіні", Буниннің  "Жеңіл күрсініс", Ғабит Мүсіреповтің "Автобиографиялық әңгімесіне" табынып өссек, Сайын Мұратбектің екі томдығына енген шығармалары әлемдік деңгейдегі новеллистиканың қатарынан орын алар адам жанын баураған қылауы жоқ таза лирикалық проза дер едім. Бұл – әңгіме мен повесть жанрының көркемдігі биік үлгісі, шеберлік ұстаханасы.

Сірә, жазушы Рафаэль Ниязбек айтқандай, өмірде шығармашылыққа сергек қарап, ұтысы мен ұтылысын саралаған сәтте сұсты көрінетін болу керек. Мәриям жеңгейдің бір айтқаны бар еді, "ағаң жазуын жазып болғанша бәріміз ас бөлмеде бүрісіп отырамыз. Шыбынның ызыңы естілмейді. Жазуын бітіріп, жайраңдап шыққанда бауырсақ пісіріп, біздің үйде кішігірім той болады" дегенін естігенде, жаны таза адамның қаламға деген сынаптай тазалығына да тәнті боламыз.

Алыста қалған балалық та емес, мөлдір махаббат та емес, кемелденген социализм кезеңін суреттеген бертінде жазған "Біреу" деген әңгімесі бар. Бұл лирикалық суреттеу емес, монологқа құрылған, соғысты артта қалдырып, кедейлікті бастан өткеріп, енді тек мансапты мақсат тұтқан, далада жалғыз қалып, өзін-өзі абайсызда атып алған адамның жанайқайы, кешегі асып- тасқан пенденің бір сәтте бейшара күйге түскен бейнесі. Қасқыр мен бетпе-бет келген адамның жалғыз-ақ арманы бар, "Ендігі жерде тірі қалмаймын, өлемін, ол – анық. Тек мына қасқырларға жем болмасам екен. Қалайда таң атқанша шыдауым керек. Онан соң, сүйретіліп болса да алға жылжимын, елді мекенге жетіп өлуге тиіспін. Басқа арманым жоқ. Тезірек таң атса екен. Ойпырмай, неткен ұзақ түн…" дейді өзімен-өзі арпалысып. Асып-тасқан адамның да тәубасына келер кезі болады екен, бұл кешегі талай конкурсқа арқау болған "осындай кеңес адамының" шынайы сомдалған бет-бейнесі.

Қаламгер кейіпкерлерінің алпыс екі тамырында өз жан дүниесінің бір ұшқыны лып-лып етіп көзге ұрып, көрініп тұрады. Мен білетін Сайын Мұратбек тәубашыл адам, ажалды күтіп, аузына су тамызып жатқанда: "Госпремия алдың" дегенде, әлсіз білегін бір сермепті. Біздің қоғам да бір түрлі. Кім болса соған беріп жатқан мәртебені "Жусан иісі" мен "Жабайы алма", "Көкорай" мен "Кәментоғай", "Күсен-Күсеке" мен "Ары-бері жолды" жазған адамға екі аяғын тең басып жүргенде беріп, әдебиеттің де, қаламгердің де мерейін неге өсірмеске? Біздің ұлт осы жағынан ұтылып жүр.

Сайын Мұратбек арамызда жоқ, туғанына 90 жыл толып отыр. Өзі жазған ары-бері жолға түсіп ап, бұрылмай кетті. Ол соңына кейіпкерлерін тастап кетті. Біз енді Аян мен Жанай, Көкбай мен Күлшара, Күсен-Күсеке,  Бекенмен шұрқырасып көрісеміз. Солармен сырласамыз.

Қуандық Түменбай

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз