Кейіпкер

Арман ЖҰМАДІЛ:  Әкем "өзің айтып, өзің жазып қалдырған сөзіңнен қорық" дейтін

Арман ЖҰМАДІЛ: Әкем "өзің айтып, өзің жазып қалдырған сөзіңнен қорық" дейтін

Арман мен Қабдеш Жұмәділ

Биыл ұлттың өткені, бүгіні мен болашағын сабақтастырған Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің туғанына – 90 жыл. Оның азаматтық болмысы мен адамдық қасиеті отбасында, ұрпағына берген тәрбиесінде қалай көрінді? Тарих ғылымдарының докторы, ҚБТУ қауымдастығының профессоры Арман Жұмаділ әке туралы естеліктерімен бөлісіп, қаламгердің көпшілік біле бермейтін қыры мен ұрпағына қалдырған өнегесі туралы әңгімеледі.

Әкемізге қарап бой түзедік

– Оқырман Қабдеш Жұмаділовті көрнекті жазушы, ұлт тағдырын шығармаларына арқау еткен қаламгер ретінде таниды. Ал отбасында қандай әке еді?  

– Әкемнен төрт ұл, бір қыз, алты немере, бір шөбере тарайды. Ол үйде болсын, түзде болсын, бірқалыпты мінезінен айнымайтын. Өзіне қандай талап қойса, өзгелерге де сондай талап қойды. Елдің жақсылығын, біреудің шығармашылығындағы жетістігін көрсе, қуанатын. Ал әділетсіздік, қиянат көрсе, күйінетін. Әсіресе шындыққа, тарихқа қиянат жасалса, оны әшкерелегенше тыным таппайтын. Бұл мінезі әркез шығармаларынан да көрініс тапты.

Сондықтан да әкеміздің қаламынан туған шығарманың бәрі үлкен сұранысқа ие болды. Жұрт іздеп жүріп оқыды. Ол заңды да. Өйткені ол заманның адамдары кітапқұмар болатын. Әр шопанның қонышында не кітап, не "Жұлдыз" журналы жүретін. Оқырман Жұмаділовті неге сүйіп оқыды? Ол кітаптарында шындық пен әділдіктен ауытқымады және шығармаларының басты тақырыбы – ұлт тағдыры, ел тағдыры, тарихи тұлғалар тағдыры. Сюжетте өрбитін оқиғалардың бәрі өмірден алынған. Жалпы, Жұмаділовті оқыған адамның ойлау алгоритмі сөзсіз өзгеретін.

Қазір ойлап қарасам, әкеміз бар абыройға, атақ пен даңққа өз еңбегімен жеткен екен. Ол өте еңбекқор адам еді. Әр сөзін шегелеп қойғандай жазатын. Бірақ жазу үстеліне отырғанда баз біреулер сияқты "Бүгін бес бет, он бет жазуым керек" деп өзін артық қинамайтын. "Шығарма жазылмайды, шығарма туады" дейтін үнемі. Себебі мидағы идея ізденуге итермелейді, содан материал жиналады, деректер сарапталады. Мұның бәрі – шығарманың жазылуы алдындағы үлкен дайындық жұмысы. Сол ойды әбден қорытып, түйсініп болған соң шығарма туу керек.

– Жазушының шығармашылық жұмысы уақыт пен тыныштықты талап етеді. Әкеңіздің күнделікті тіршілігі, жазу үстіндегі әдеттері қандай болды? Үйде де қаламгерлік мінезі байқалатын ба еді?

–Әкеміздің барлық шығармасын анамыз Сәуле Әукенқызы өз қолымен машинкамен теретін. Ол кезде бір жазғаныңды үсті-үстіне қарап түзей беретін компьютер жоқ. Әкеміз машинкаға түскенге дейін әр шығармасын бірнеше рет көшіреді-ау. 200-300 бетті, кейде одан да көп қолжазбаны редакциялап, қайта көшіру қанша шыдамдылық пен қажырлықты, сабырлықты қажет етеді. Мұндайда күліп, "труд прозаикам, слава поэтам" деп айтатыны бар еді.  

Баспада қызметте жүрген кезінде жазуды көбіне түнде, яғни ұйқының есебінен жазатын. Кейін қызметтен біржола кетіп, таза шығармашылықпен айналысқанда Жазушылар одағының "Шығармашылық үйінде" айлап жататын. Сол кезде бастаған шығармасын өндіріп жазып, кейде аяқтап оралатын. Оның кітап жазу мәнері мен дағдылары "Таңғажайып дүние" атты автобиографиялық романында толық жазылған. 

Әкемнің бос отырмайтынын білеміз ғой. Кейде жазады, кейде оқиды. Мына жақта біз ойын арасында қатты шулап кетсек, арнайы келіп тыныштандыратын. Бірақ дауыс көтеріп, ұрысқан емес. 

Қабдеш Жұмәділов отбасымен
Фото ЖИ арқылы өңделді/Қабдеш Жұмәділов отбасымен

– Әкеңіз бала тәрбиесіне қалай көңіл бөлді? Сіздерге ақыл айтып, жөн сілтейтін бе еді, әлде өз өмірімен, ісімен үлгі көрсетті ме?

–Әкем сөзбен де, іспен де тәрбиелейтін. Бала деген әкесіне қарап, істеген ісіне еліктейді емес пе? Біз де әкемізге қарап бой түзедік. Оның дастарқан басында айтқан әңгімелері кез келген тәрбие сағатынан артық болатын. Бойымызға қазақтың ұлттық болмысы сіңсін деді ме, әлде қаланың "көкбақасына" айналып кетпесін деді ме, мектеп бітіргенше бүкіл жазғы каникулды Қарғалыда, не Үңгіртаста өткіздік. Мені талай рет өзімен бірге материал жинауға, ел аралаған сапарларына алып жүрді.

–  Балалық шағыңыздан әкеңізбен байланысты ерекше есте қалған бір оқиғаны айтып берсеңіз. Сол сәтті еске алғанда, әкеңіздің қандай қасиеті ойыңызға оралады?

–Біз де бала болдық, бұзықтық жасадық. Қайбір тәртіпті болды дейсіз. Сондай сәттерде жанұшырып, талай рет емханаға көтеріп апарған. Демалыс болса, теңіз жағасына ала кетіп, қыдыртатын. Ол кезде жазушылар жазған кітабы үшін қомақты қаламақы алатын еді ғой.  

Қазір менің ойыма бір оқиға оралды. Мектепте әлі бастауышта оқып жүрген кезім. Ол заманда қоғамдық орындар мен транспортта қазақша сөйлетпейтін. Қазақша сөйлесең, "говорите по человеческий!" деп зекіп, тыйып тастайтын. Әкем екеуміз аялдамада автобус күтіп тұрдық. Тілге қатысты әлгіндей жағдаяттарға қатысты сұрақ мазалады ма екен, "Орыс көп пе, қазақ көп пе?" деген сауал қойдым. Сонда ол "айналаңа қарашы" деп бір-ақ сөзбен жауап берді. Сол арқылы қоғамдағы құбылыстарға зер салып, бақылау арқылы ақиқатқа көз жеткізуді үйретті.

Жұмаділовтің шығармалары ешқашан банкрот болмайды

– Қабдеш Жұмаділов шығармаларында елдік, ұлттық мүдде, тарихи жады мәселелері кеңінен көрініс тапты. Бұл ұстанымдарын отбасында да дәріптеді ме? Балаларына қандай құндылықтарды аманаттады? Әкеңіздің сізге айтқан, әлі күнге дейін жадыңызда сақталған сөзі бар ма?  

–Иә, әкеміздің бүкіл шығармалары ұлт тағдыры мен жер тағдырына арналған. Сондықтан да, өзі айтпақшы, "Жұмаділовтің шығармалары ешқашан банкрот болмайды". Ол қайсыбір шығармасын жазуға кіріскенде, бізге сол еңбегіндегі оқиғалар мен кейіпкерлерге қатысты қызықты жайттарды әңгімелеп беруші еді. Кітап әлі жазылып болмаса да, іштей сол кейіпкерлерге сүйсінетінбіз. Яғни шығарманың басты идеясы мен кейіпкерлерінің тағдырына алдын ала қанық болдық. Олардың ұстанымы, өмірлік позициясы бізге де әсер етпей қоймады.

Әкеміздің үнемі ескертіп отырудан жалықпайтын өз талаптары болды.  Біріншіден, "уақытпен санасқан адам ғана бұл өмірде дегеніне жетеді" дейтін. Өмірің зая кетпесін дегені болар. Екіншіден, "ер жігітті екі сынама" дейтін. Біздің дос іздеп, дос таңдап жүрген кезіміз шығар. Біреу көңіліңді қалдырса, оған екінші рет құлай сеніп кетпе дегені. Үшіншіден, "істеген ісіңе адал бол, түбі саған опа-қайыр әкелетін – сенің кәсібің". Ең басты сөзі, шығармашылықпен айналысқан адамдарға, билікте отырғандарға арналған сияқты. "Сен қорықсаң өзгеден емес, өзің айтып, өзің жазып қалдырған сөзіңнен қорық. Өйткені бұл үнемі алдыңнан шығады да тұрады".

Міне, осы секілді әкеміздің бізге берген ақылы мен өнегесі көп. Әсіресе тарих факультетін бітірерде жазатын диплом жұмысымның тақырыбын таңдауға әкемнің ақыл-кеңесі, ықпалы болды. Сөйтіп, 1990 жылы "XVIII ғасырдың ортасы мен ХІХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ-қытай қарым қатынастары" атты тың тақырыптағы диплом жұмысымды қорғап шықтым. Ал кандидаттық диссертацияны да әкемнің айтуымен "Қазақтардың қару-жарағы мен әскери өнері" деген мәселе төңірегінде қорғадым. Алғашқы дипломымды алғанда әкем "Тағдыр" романын жазуға отырса, кандидаттық жұмысымды қорғағанда "Дарабозды" бастап жатыр екен. 

– Әкеңізбен әдебиет, тарих, қоғам туралы пікірлесетін бе едіңіз?

– Студент атанып, жігіт бола бастағалы бері әкемізбен қоғамдық-саяси мәселелер туралы көп әңгімелестік. Өйткені заман өзгеріп жатты. Қайта құру заманындағы "демократия, жариялылық" деген ұрандар халықтың аузындағы тығынын алып тастады. Күнде бір жаңалық, күнде бір оқиға. Коммунистік партия жетекшілік рөлінен айырылды, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы М.Шахановтың Кремльдегі сөзі, ГКЧП, ТМД-ның құрылуы, Қазақстанның тәуелсіздігі туралы заңның қабылдануы, міне, осы оқиғалардың бәрі талқыланатын. Бір таңғалатыным, сол кезде әкеміздің айтқан болжамдары түгел орындалды. Тәуелсіздік алған соң тұңғыш президент Қазақстанның ақын-жазушыларының басын қосып, бір жиын өткізді. Сол жерде Назарбаев "Тәуелсіз Қазақстан туралы неге үлкен шығарма жазбайсыздар? Неге тәуелсіз Қазақстанның басты кейіпкерін сомдамайсыздар?" деген ренішін білдірген көрінеді. Соны әкеміз үйге келіп айтып берді. Мен де сол сұрақты маздатып, "Қызық екен, шынымен бүгінгі күннің басты кейіпкері туралы неге жазылмай жатыр?" дегенде, әкем былай деді: "Қазақстан бүгін қайнап жатқан қазан тәрізді. Сондықтан да бүгінгі қоғамның басты кейіпкері кім екені әзірге белгісіз. Бүгін басты кейіпкер ретінде алған адамың ертең жағымсыз кейіпкерге айналуы мүмкін. Ал етің пісіңкірегенде, қазанның оты азайып, сорпаның қайнауы басылады, сол кезде сорпаның бетіне шыққан көбіктің бәрі алынып тасталады".  

– Әкеңіздің қай шығармасын қайталап оқисыз және қайсысы   жаныңызға жақын? Шығармаларына қатысты өз ойыңызды ашық айта алдыңыз ба? Сізбен әңгімелескенде әке ретінде ме, әлде жазушы ретінде басымдық танытатын ба еді?  Әкеңіздің қай туындыларын бүгінгі жас ұрпақ міндетті түрде оқуы керек деп ойлайсыз?

– Жалпы, әкеміздің қаламынан 10 роман, 21 повесть, 70-тен аса әңгіме туған екен. Ал публицистикасының өзі бірнеше том. Түгел дерлік оқыдым десем, қателеспеспін. Кейінгі 15 жылда шығармалары мен мақалаларын өзім бастырдым. Сондықтан да барлық шығармалары маған жақын. Ал әкеммен сырласқанда, ол мен үшін әке әрі жазушы ретінде қатар тұрды. Өйткені оның бізге айтқан ақыл, өнегесі шығармаларындағы кейіпкерлері мен оқырмандарына қоятын талаптарымен бірдей еді.

Бүгін Қазақстан кітап оқитын ұлтқа айналу керек. Өйткені кітап оқитын ұлт – есті ұлт, өз тағдырына жауап беретін ұлт. Сол үшін жастарды кітап оқуға қайтсек те тарту керек. Мәжбүрліктен – дағды, дағдыдан – дәстүр, дәстүрден – мәдениет қалыптасады. Әкеміздің "Рухани жаңғыру кітап оқудан басталады. Әуезовті, Абайды, Лермонтовты, Пушкинді сүйіп оқыған адам қылмысқа бармайды" деген сөзі бар. Кітап оқыған адам телефонға телміріп отырған адамды билейтін заман келетіні сөзсіз. Сондықтан да ұрпағымыз есті болсын десек, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру керек.

Ал жастар Жұмаділовтің кез келген шығармасын оқи берсе болады. Жалпы, Жұмаділовті оқу оңай. Шығарманың ішіне кіріп кетіп, кейіпкерлердің жанында жүргендей әсер аласың. Солармен бірге шаттанасың, күйінесің, кейде көзіңнен еріксіз жас ыршиды. Бір ғана себеп айтайын, Қабдеш Жұмаділов – тәуелсіздік жылдары кітабы өртенген жалғыз жазушы. Оның шығармаларын сол үшін ғана оқуға болады.  Себебін айтайын. 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасынанан кейін, яғни 2012 жылы әкемнің "Диктатордың ажалы" атты хикаяты жарық көріп, "Әріп пен Сара" жинағына енген. Бірде Үржар ауданының әкімі үйге кеп қалғанда әкем "кітапханаларға, оқитын адамдарға таратарсың" деп 150 кітапты беріп жіберген ғой. Екі аптадан кейін әкемнің таныстары хабарласып "Сіздің кітабыңызды ҰҚК адамдары жинап алып, өртеп жіберді" деді.  Сөйтсек, "кәрі" коммунистер, Назарбаевқа құдайдай сенетіндер кітаптан тұңғыш президенттің бейнесін көз алдына әкелген ғой. Содан жоғарыға жазады, олар "өздерің амал қабылдаңдар!" деген соң, жергілікті ҰҚК өкілдері 150 кітапты тізіммен жинап алып, өртеген. Қызық болғанда "Диктатордың ажалы" хикаятында 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы да болжанған. 

Әкемнің кітаптары оңайшылықпен басылмайтын

– Қабдеш Жұмаділовтің артында мол әдеби мұра қалды. Бүгінде оның шығармаларын қайта басып шығару, цифрлық форматқа көшіру, насихаттау жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Жазушының шығармашылық мұрасын сақтау тек отбасының міндеті ме, әлде бұл мемлекеттік деңгейде де жүйелі қолға алынуы керек жұмыс па?

– Әкеміздің мұрасына әзірше өзіміз ие боп отырмыз. Шығармаларын насихаттау, есімін ұрпаққа қалдыру мақсатында арнайы "Қабдеш Жұмаділов"

қоғамдық қоры құрылды. Ол қордың басында Лұқпан Сыдықов ағамыз тұрды. Әкеміздің басына күмбез орнатылған соң қордың жұмысын өзімізге тапсырып берді. Ал кітап шығаруға келсек, халықтың сұрауы бойынша жылда "Соңғы көш", "Дарабоз", "Тағдыр", т. б. шығармалары қайта басылып жатыр. Осы тұрғыда "Атамұра" корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлына алғысым шексіз. 

Қабдеш Жұмаділов
Фото ашық дереккөз/Қабдеш Жұмаділов

– Жазушы өз қаражатымен, демеушілердің көмегімен шығармаларының 12 томдығын шығарып еді. Дегенмен еңбегінің толық жинағы оқырманға жете қойған жоқ. Сіздіңше, әкеңіздің жазған еңбегінің бәрін жинақтағанда қанша том кітап мұра ретінде қалды? Жалпы, жарияланбай қалған қолжазбалары, күнделіктері немесе аяқталмаған шығармалары бар ма? Әкеңіздің шығармашылық мұрасын толық жинақтап, оқырманға ұсыну жоспары бар ма?  

– Әкеміздің барлық шығармалары көзі тірісінде жарияланып, қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. Сондықтан да Қабдеш Жұмаділовті классик, сарабдал сөз зергері, қазақтың ұлы жазушысына айналды десек, артық болмайды. Енді, алдағы уақытта оның толық шығармалар жинағының 20 томдығын шығару жоспарымызда бар.

Қабдеш Жұмаділовтің бірқатар шығармалары басқа тілдерге де аударылды. Солардың ішінде "Көкейкесті", "Соңғы көш", "Атамекен", "Дарабоз" романдары мен хикаяттар топтамалары орыс тіліне аударылып басылған. Жекелеген әңгіме, хикаяттары қырғыз, өзбек, ұйғыр, украин, беларусь, грузин тілдерінде, "Соңғы көш" романы түрік тілінде жарық көрді.

Жалпы, әкеміздің кітаптары оңайшылықпен басылмайтын. Міндетті түрде бір мәселе туындайтын. Кейде объективті себептер болса, кейде көреалмаушылық, қызғаныш сияқты адами пендешілік салдарынан кешігіп шығатын. Өкінішке қарай, қазақ зиялылары патша заманынан бері келе жатқан топшылдық, рушылдық, жүзшілдік деген дерттен арыла алмай келеді.

– Қабдеш Жұмаділовтің ұлы болу – бір жағынан, мақтаныш, екінші жағынан, үлкен жауапкершілік. Оның есіміне лайық болу, артында қалған мұрасына жанашырлық таныту қандай жауапкершілік жүктейді?

– "Әулие болса, түйенің өзі әулие, оның құмалағы әулие емес" деген сөз бар. Дегенмен иығымыздағы жауапкершілікті бір кісідей сезінеміз. Биыл әкеміздің 90 жылдығына орай республика көлемінде бірқатар іс-шаралар өтті. "Бір ел – бір кітап" бағдарламасы бойынша бүкіл республика оқырмандары "Тағдыр" атты романды оқып, талқылап жатыр. Кітап оқу марафонында да "Дарабоз" романы бәйгеге қосылды. Абай облысы әкімдігі Мақаншы, Үржар аудандары мен Семей қаласында ауқымды шаралар өткізді. Енді, біз Семей қаласында жазушыға ескерткіш қою мәселесін көтеріп жатырмыз. Оған Семей қаласының әкімдігі қарсы емес сияқты.Одан бөлек әкеміздің 90 жылдығына орай көптеген қоғамдық ұйым атсалысуда. Ал "Жазушылар одағы қандай шара өткізеді екен?" деп күтіп отырғандар көп. Одақтың үлкен залы жөндеуде көрінеді. "Олай болса, театрдың бірінде өткізе берейік" деп едім, "жөндеу жұмысы біте сала, өткіземіз" деді. Ақырын күтейік енді.

Ақиқат жолында талай адаммен айтысты, соттасты

– Қабдеш Жұмаділов пен Әбдіжәміл Нұрпейісов бір кездері "Жас Алаш" бетінде қатты айтысты. Ақырында араз болып, соттасты. Екеуі де әдебиетте орны бар қабырғалы жазушылар. Сол сияқты ақын Несіпбек Айтұлымен де жырау Дулат Бабатайұлына қатысты айтысып, артынан татуласқан еді. Жалпы, әкеңіздің біраз адамдармен шекіскен кездері болды. Осындай жағдайда өзін қалай ұстайтын еді?

– Жоғарыда айтым ғой, әкеміз ақиқатқа қиянат жасағанды жек көретін. Сол ақиқат жолында талай адаммен айтысты да, соттасты да. Сол ақиқатты айтқаны үшін жеті жыл қатарынан оны Халық жазушысына тиесілі стипендиядан да қақты. Бір жылдары билік партиясының өкілдері келіп, әкемнің партия қатарына кіруін ұсынды. "Партияға кірсеңіз, атақ та, даңқ та, абырой да болады" деп сендірді. Бірақ әкеміз соларға сөреде тұрған кітаптарды көрсетіп: "мен және менің кейіпкерлерім өзімізше бөлек партиямыз" дегені есімде. Жоғары жақтан да өкілдер келіп: "Қабеке, үлкен кісі туралы бір жылы сөз жазсаңыз, дегеніңіздің бәрі болады" дегенде де иілмей кетті ғой.

– Жазушының өзі жинаған кітап қоры бай шығар. Оны қалай сақтап жүрсіз? Кейбір жазушының ұрпақтары музейге, кітапханаға өткізіп жатады. Ұлттық кітапханадан бір бұрыш ашып қояды. Тіпті тұрған үйін мұражайға айналдыратындар да бар. Жазушының қолданған заттары, қаламсабы, машинкасы қайда?

– Әрине, әкемізден қалған естелік заттары көп. Алдағы уақытта мектептерден, кітапханалардан болсын, Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовке арналған мұражайлар ашылады деп үміттенемін. Бәрін соларға сақтап отырмыз. Мысалы, әкеміз көзі тірісінде Қабанбай ауылынан жер алған. Сәтін салса, бір кішігірім мұражайы сонда ашылса дейміз. Қазір жергілікті Мақаншы ауданының әкімдігімен бірге жер қағаздарын реттеп жатырмыз.

– Қандай өкінішіңіз бар?

– Әкем екеуміз көрші тұрдық. Ол үшінші қабатта, мен екінші қабатта тұрдым. Күнара барып, бірге жаңалық көреміз, пікір алмасамыз дегендей. Бір өкінерім, әкеммен бақұлдаса алмадым. Әрине, сағынамыз. Құдайға шүкір, интернетте, әлеуметтік желіде берген сұхбаттары көп. Кейде бейнежазбаларды қарап, мауқымды басып аламын.

– Әкеңіз өзін жерлейтін жерді аманаттағаны белгілі. Тағы нені аманаттап еді?

– Әкеміз "Енді қазақтың жері бір сүйемге де өспейді. Қазақтың тілі де, мәдениеті де, әдебиеті де Қазақстанда ғана жасалады. Сондықтан да қазақтың жері мен тәуелсіздігі – Құдайдың қазаққа берген ең үлкен сыйы" дейтін. Соны уысында ұстай білу үшін қазақтың ұлттық болмысы, санасы, мәдениеті қалыптасуы керек. Ал оны қалыптастыратын бірден-бір нәрсе – әдебиет пен тарих.

Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы 

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз