Кейіпкер

Ислам Әбішев: Мені Назарбаевтың отставкасынан бір күн бұрын қамауға алды

Мені Назарбаевтың отставкасынан бір күн бұрын қамауға алды

Ислам Әбішев

"Пара алуға оқталды" деген айыппен сот­талған бұрынғы шенеунік Ислам Әбішев мемлекет­тік қызмет­те қандай шешімдер қабылдап, нені өзгертуге күш салды? Су ресурстары комитетін басқарған тұста өзіне тағылған айыпқа қалай жауап берді? Бюджет қаражатын үнемдеу тәжірибесі, сот ісінің мән-жайы, Қазақ­стандағы су қоры мен су инфрақұрылымының жай-күйі туралы Ислам Әлмаханұлының пайымы қандай?

*** 

– Ислам Әлмаханұлы, еңбек жолыңызды ерте бастап, аудан әкімі, облыс әкімінің орынбасары, Өскемен қаласының әкімі секілді жауапты қызмет­тер атқардыңыз. Мемлекет­тік қызмет сізге не берді? Ал өзіңіз елге не бере алдым деп ойлайсыз?

– Мемлекет­тік қызмет – үлкен өмір мектебі. Ол мені әбден тәрбиеледі, көп нәрсені үйрет­ті. Өмірге деген көзқарасым өзгеріп, таным көкжиегім кеңейді. Рухани және ғылыми тәжірибем молайды. Кейбір мәселелерге тереңірек үңіліп, жан-жақты қарауды үйрендім. Еліміздегі зиялы қауым өкілдерімен араластым, білікті, тәжірибелі басшылармен бірге жұмыс істедім.
Мемлекет­тік қызметке келгенде кәсіпкерліктегі біраз мүмкіндігімнен, соның ішінде материалдық әлеуетімнен айырылғаным рас.

Бірақ рухани және адами тұрғыдан көп нәрсе ұттым. Ал "Елге не бердіңіз?" деген сұрағыңа келсем, көп нәрсе бердім деп мақтанатындай ештеңем жоқ. Оған бағаны өзім емес, халық бергені жөн шығар.

Мемлекеттік қызметке барғым келген жоқ

– Бір сұхбатыңызда ­Сапарбаев "әкім бол" деп ұсыныс жасағанда, әуелде бас тартып, қашқақтағаныңызды айтқан едіңіз. Сол кезде сізді не нәрсе тоқтатты? Жауапкершіліктен сескендіңіз бе, әлде басқа себеп болды ма?

– Мәселе аяқ тартуда емес. Негізі, өз кәсібіммен айналысып, оны әрі қарай дамыта бергім келді. Мемлекеттік қызметке барсам, кәсіпті тастауға тура келетінін түсіндім. Оны туған бауырыңа немесе жақыныңа табыстап кеткеніңмен, өзің айналысқандай деңгейде жүргізе алмайды. Маған дейін туғандарымның ешқайсысы мемлекеттік қызметте болған емес. Дегенмен оларды да осы салаға тартуға мүмкіндігім болды. Бірақ "мұнда өзім де жетемін ғой, одан да кәсіппен айналыса берсін" деген шешімге келдім. Соңғы екі-үш жылда ғана туған інім Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы қызметін атқарып жүр. Оның өзі де сайланғаннан кейін ғана іске кірісті.

Сондықтан алғаш рет қызметке шақырғанда, шынымды айтсам, барғым келген жоқ. Өйткені 2000 жылдары кәсібім әлі толық жүйеге түсіп үлгермеген еді. Қиындық та, кедергі де көп болды. Бірақ Бердібек Мәшбекұлы: "Халық сізді депутат етіп сайлады. Енді неге әкім болып, халық үшін жұмыс істемеске?" деген соң, ол кісіге "жоқ" дей алмадым. "Барсам, барайын, бір-екі жылдан кейін қоя салармын" деп ойладым. Алайда кейін Болат Жылқышиев те "бірге жұмыс істейік" деп облысқа шақырды. Оның орнына әкім болып келген Өмірзақ Шөкеев те ұсыныс жасады. Дәл сол кезеңде ЖИТС жұқтырған балалардың мәселесі күн тәртібінде тұрды. Соның артынан бәріміз отставкаға кеттік.

– Демек, мемлекеттік қызметке келу, мансап жолын осы саламен байланыстыру әуелден көздеген мақсатыңыз болмаған ғой?

– Ондай мақсаттың болмаған себебін білесің бе? Біз Кеңес үкіметінен шыққан адамбыз. Ол кезде де мемлекеттік қызметте жұмыс істедік. Өзім совхоз директоры болып жүргенде, жаңадан құрылған әкімшілік басқармасы еш негізсіз қызметімнен босат­ты. Ал біз совхозды алдыңғы қатарға шығарған едік. Қолымда ештеңе жоқ, тұрмыстық жағдайым да мәз емес. Сол кезде кооператив қозғалысы енді ғана жанданып жатқан. Құрысыншы дедім де,  1992 жылдан 2000 жылға дейін кәсіпкерлікпен айналыстым. Сегіз жылдың ішінде жақсы жетістікке жетіп, қаржылық жағдайымды да түзедім. Өзім жүзеге асырғым келген дүниенің бәрі өз қолымда, өзіме байланысты болды. Бәлкім, кезінде мемлекеттік құрылымдағы басшылар тарапынан еңбегімнің бағаланбағанына ренжіген де шығармын. Қалай болғанда да, содан кейін мемлекеттік қызметке қайта баруға құлқым болмады.

– Алайда биліктің дәмін татқаннан кейін мемлекеттік қызметтің ауылы сізге ұнап қалған жоқ па?

– Ұнап қалды деп айта алмаймын. Бірақ бір түсінгенім – мемлекеттік қызметте атқарылатын жұмыс өте көп. Жоғарыда айтқанымдай, бұл салаға келгенге дейін материалдық жағдайымды біршама түзеп алған едім. Сондықтан Бердібек Мәшбекұлымен бірге жұмыс істеп, халыққа қызмет етуді мен үлкен абырой санадым.

– Дегенмен біздің қоғамда билікке өз жағдайын жасап, "жеп қалу" үшін келетіндер де бар сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

 – Бұл адамның ынсабына байланысты. Негізі, дүниеге ешкім тоймайды. Мықты аудитор жалдап, қолына қалам мен есептегіш құралын беріп, менің бауырларым мен балаларымның кәсібін егжей-тегжейлі тексерсе де, мемлекеттік қызметке келгенге де­йінгі бизнесіміздің жалпы айналымы мен қазіргі жағдайын салыстырса да, бәрінің тарихы анық көрініп тұрады. Әр зауытымыздың қашан және қайдан пайда болғанына дейін ізі сайрап жатыр. Кәсібіміздің 90 пайызы өндіріс саласымен, атап айтқанда, энергетика, құрылыс, құрылыс материалдары және ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Бюджет қаржысын жымқыруға қатысты күмәнді жайттар жоқ. Ел алдында туыстарым мен балаларымның кәсібі таза, адал еңбекпен келгенін дәлелдей аламын. Мұны мақтанышпен айтамын. Сондықтан да әрдайым жүзім жарық деп санаймын.

– Сұхбат барысында сізді үлкен саясатқа алып келген, үнемі қолдау білдірген ­Бердібек Мәшбекұлының есімін бірнеше рет атадыңыз. Кәсіби тұрғыдан ол кісіге қаншалықты қарыздармын деп есептейсіз?

– Шынына келгенде, екеуміз де қоңырат руынанбыз. Бірақ бірге жұмыс істеуімізге мұның ешқандай қатысы жоқ. Ол кісі рушыл адам емес еді. Бердібек Мәшбекұлының шәкірт­тері деген чат бар. Сол жерде жүз адам отырса, соның бес-алтауы ғана қоңырат­тан шығар.
Мені Ордабасы ауданының әкімі қызметіне шақыруының да өзіндік себебі болды. Өйткені сол ауданда қыш зауытын, құрылыс материалдары комбинатын, құс фабрикасын жүргіздім. Одан бөлек, гидроэлектр станциясын салдым. Ауданның елді мекендерін электр қуатымен қамтамасыз еттім, ауыз су мәселесімен де айналыстым. Яғни кәсіпкерлікпен айналысқан кезімде аудан экономикасының бірқатар маңызды саласы менің жауапкершілігімде болды. ­Бердібек Мәшбекұлы облысқа келгенге дейін облыстық мәслихаттың депутаты болдым. Белсенді азамат ретінде сол кездегі жағдайларға байланысты "Мынаны неге былай істемейміз?" деп көптеген ұсыныс айттым. Ол кезде жарық жиі өшетін, газ әлі келмеген еді.

Біздің "Батсу-энергосбыт" пен "Батсутрансгаз" компаниялары облыс аумағының 75 пайызына электр қуатын, аудандардың 80 пайызына газ беретін. Кейбір аудан орталықтарындағы су арналары электр энергиясына ақы төлей алмайтын. Ондай жағдайларда оларды да өз қарамағымызға алып, халықты сумен қамтамасыз еттік. Сондықтан бұл жерде рулық туыстықтың ешқандай қатысы жоқ. Өзім де газ, электр қуаты және сумен қамтамасыз ететін компаниялардың басшысы ретінде оңай адам болмаған шығармын. Меніңше, жұмысқа деген көзқарасымыз бен нәтижеге ұмтылысымыз бір-бірімен үйлесті.

Әуелде Бердібек Мәшбекұлы мені өзіне орынбасар етіп шақырды. Бірақ Президент әкімшілігі бұл тағайындау­ға келісім бермеді. Кейін Ордабасы ауданының әкімі қызметіне шақырған соң, өзара түсінісіп, бірге жұмыс істедік. Ең бастысы, халыққа қызмет етудің дұрыс үлгісін көрсеттік. Ал ол кісіге кәсіби тұрғыдан қарыздар да шығармын. Бірақ бір-бірімізге бұл туралы ешқашан сөз қозғамаған екенбіз.

Отыз көшенің атауын қазақшалағанмен, одан көп нәтиже шықпайды

– Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысын басқарған кезеңде сіз Өскемен қаласының әкімі болдыңыз. Оның өңір үшін атқарған ең маңызды ісі деп нені атар едіңіз? Ал өзіңіз қала басшысы болған тұста қандай мәселелерді бірінші кезекке қойдыңыз? Әсіресе көше атау­ларын өзгерту, қаланың ұлт­тық келбетін қалыптастыру бағытында қандай нәтижеге қол жеткіздіңіз?

– Өскемен қаласының әкімі қызметіне тағайындалатын кезде Бердібек Мәшбекұлы бұл мәселені сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевпен келіскен болатын. Демек, Сапарбаевтың ғана емес, Назарбаевтың да тапсырмасымен жұмыс істедім.
Жалпы, бізде билік бөлек, халық өз бетінше өмір сүріп жатқандай көрінеді ғой. Ал мен Өскемен қаласының әкімі болғанда жергілікті халықпен бір үйдің баласындай ауызбірлікте жұмыс істеп, талай шаруа атқардық. Ордабасы ауданының әкімі болғанда да халықты ортақ іске жұмылдыра білдім. Мұны өзімнің бір артықшылығым деп есептеймін. Халықтың өзіне деген сенімін арттырып, жүрегіне нұр ұялатып, тұратын қаласына, ауылына, көшесіне деген патриоттық сезімін оята алдым. Соның арқасында жұртты соңымнан ерте білдім. Үш жылдың ішінде ел әлі күнге дейін айтып жүретін талай іс атқарылды. Бюджеттен бөлінген әр мың теңгенің қайтарымын жүз мың теңгеге дейін арттырдық десем, артық айтқандық емес. Мұны нақты дәлелдей аламын.

Өскеменде ең әуелі керемет мешіт салынды. Қалада "Қасиетті бірлік" деген ақсақалдар қоры бар екен. Кәсіпкерлер сол қорға қаржы аударды. Бірақ жиналған қаражат та жеткіліксіз болды. Содан кейін Біріккен Араб Әмірліктеріндегі серіктестерден 3 млн АҚШ доллары көлемінде қаржылай көмек тарттық. Сөйтіп, бүкіл халық болып жұмылып, мешіт құрылысын аяқтадық. Одан кейін этнопарк салынды. Ертіс пен Үлбі өзендері тоғысатын тұстың жағалауында Ғашықтар аллея­сын аштық. Таудың ең биік шыңына Қазақстанның сол кездегі ең үлкен туын тіктік. Мұндағы мақсатымыз – "Бұл жер Қазақстанның жері" деген ойды әр адамның санасына жеткізу еді.

Үш жылдың ішінде аулалар, ойын алаңдары, кіреберістер мен лифтілер жөндеуден өтті. Қала гүлге бөленді. Мұның бәріне бюджет қаржысы жете бермес еді. Біз халықтың өзіне күш бердік, ортақ іске жұмылдыра алдық. Көрші үйлер бір-бірімен жарысып, аулаларын абаттандыруға кірісті. Одан бөлек, сол кезде Өскемендегі көлік кептелісі мәселесін шешуге кірісіп, Үлбі өзенінің үстінен қысқа мерзімде көпір салдық. Алматы мен Астанадағы көлік кептелісін де әлдеқашан шешуге болар еді. Ол үшін ниет пен тәжірибе керек.

Ал көше, елді мекен атауларын қазақшалаудан ғана көп нәрсе өзгермейтінін түсіндім. Мәселен, Өскеменде тіл мәселесі бойынша не істедіңіздер десеңіз, мынадай мысал келтірейін. Біз түрлі мәдени-рухани іс-шаралар өткізгенде, әншілерге гонорар төлейміз ғой. Бірде ойыма: "Ұлты басқа азаматтар қазақ тілінде ән айтса, неге көбірек ақы төлемеске?" деген ой келді. Содан бастап қазақша ән айтқан өзге ұлт өкілдеріне әдеттегі төлемнен көбірек беретін болдық. Нәтижесінде, бәрі қазақша өлең оқып, ән шырқай бастады.

Ол ол ма, жиырмаға жуық мектепте домбыра оркестрін құрдық. Өзге ұлт­тың ұл-қыздары да домбыра тартуды үйренді. Яғни орыс, неміс болсын, қазақша ойлап, қазақша сезініп, тілді меңгеруге ұмтылуына жағдай жасадық. Бұл өзгелердің де қызығушылығын арттырды. Қала көлемінде караокеде қазақ әндерін орындаудан жарыс ұйымдастырдық. Аулаларда ұлттық нақышта гүл егу байқауын өткіздік. Қазақ тілін үйренуден жарыстар ұйымдастырып, жеңімпаздардың суреттерін қаладағы билбордтарға ілдік. Жалпы, қазақ тілін дамыту мен ұлттық мәдениетті таныту бағытында жүздеген шара өткізілді.

Бірде Семей қаласына Өскеменнің мәдени күндерін өткізуге бардық. Жұрт "бұлар орысша концерт қояды" деп күткен болуы керек. Бірақ сахнаға өзге ұлт өкілдері шығып, домбыра тартып, қазақша ән шырқағанда, жиналған қауым ерекше әсер алды. Жергілікті ақсақалдар: "Өскеменді Семейден де артық қазақыландырып жіберіпсің ғой", – деп ризашылығын білдірді.
Осыдан бір нәрсені түсіндім. Отыз көшенің атауын қазақшалағанмен, адамдардың көзқарасы өзгермесе, одан көп нәтиже шықпайды. Сондықтан біз халықтың санасына сілкініс әкелетін жұмыстарды қатар жүргіздік. Салыстырмалы түрде айтсам, Астанада көшелердің атауы түгелге жуық қазақша болғанымен, көшедегі жастар мен ауладағы балалардың көбі орысша сөйлейді. Бұл ойланатын жағдай. Демек, көше атауын өзгертумен мәселе шешілмейді. Мемлекеттік атқарушы билік қазақ тілін күнделікті өмірде қажеттілікке айналдыруы керек. Жұртты күштеп қазақша сөйлете алмайсың. Адамның өзі қызығып, тілді үйренуге, сөйлеуге ұмтылуы қажет.

Ал Бердібек Мәшбекұлы Шығыс Қазақстан өңірін басқарған кезде халықтың атқарушы билікке деген сенімін жоғары деңгейге көтерді. Жұрт: "Халықты ойлайтын осындай да басшылар болады екен ғой", – деп жататын. Одан кейін бұл сенімді дәл сондай деңгейге ешкім көтере алған жоқ. Әрине, барлық мәселені бір адамның шешіп тастауы мүмкін емес. Сол сияқты мен де Өскемен қаласының әкімі болған тұста халықтың билікке деген сенімін арттыра алдым деп ойлаймын. Қазақстан тарихында қала тұрғындарының өз еркімен жиналып, әкімін шығарып салуы – ешқандай ақшаға сатып ала алмайтын қымбат нәрсе. Мен үшін бұл – атқарған жұмысымның ең үлкен бағасы. Өкінішке қарай, содан кейін Шығыс Қазақ­стан облысында да, Өскемен қаласында да халықтың билікке деген сенімі дәл осындай деңгейге қайта көтерілген жоқ.

– Жұрт Бердібек ­Сапарбаевты кезінде "Бордюрбек" деп атап кетті. Бұл лақап ат оның жұмысына берілген әділ баға ма, әлде нақты атқарған істерін елемей, сырттай қалыптасқан жаңсақ пікір ме?

– Мұндай әңгімені оның атқарған ісін көре алмайтындар айтады. ­Сапарбаевтың бордюрге инедей де қатысы жоқ. Бұл – жай ғана далбаса әңгіме. Ол кісі Шығыс Қазақстанға келгенде, қаланы түбегейлі өзгертуге кірістік. Сол кезде ескі бордюрлерді жаңасына ауыстырып жатқанбыз. Сонда "Сапарбаевтың бордюр шығаратын зауыты бар екен, сол үшін ауыстырып жатыр" деген қауесет тарады. Бұл негізсіз сөз. Бордюрлердің барлығы жергілікті бетон зауытынан жеткізілді. Бірақ өндірушілерге жоғары талап қо­йылды. Қалаға сапасы жақсы, сыртқы көрінісі әдемі бордюрлер төселді.
 
Сот шешімі бойынша маған 11-12 жыл жаза тағайындалуы мүмкін еді

– Сіз Су ресурстары комитетін басқарған кезде бюд­жет қаражатын үнемдеуге қатысты іс бойынша пара алуға оқталды деген айыппен 5 жылға сотталдыңыз. Кейін мерзімінен бұрын босатылдыңыз. Өзіңіз тағылған айыпты мойындамай, істің қолдан ұйымдастырылғанын мәлімдедіңіз. Бүгін сол оқиғаға қайта оралсақ, сіздің жолыңызды кім және не үшін кесті деп ойлайсыз?

– Біріншіден, 2012 жылдың басында Су ресурстары комитетіне басшы болып тағайындалып, сол жылдың соңында 303 млрд теңге үнемдедім. Бұл жай ауызша айтылған сөз емес, мемлекеттік құжаттармен бекітілген нақты көрсеткіш. Сөйтіп, үш-төрт жылда атқарылатын жұмысты бір жылдың ішінде орындадық. Ал 2013 жылы мені түрлі қитұрқы әрекеттер арқылы қызметтен босатты. Ол кезде маған ешқандай айып тағылған жоқ. Қысқасы, аттестациядан әдейі өткізбей, артынша "арызыңды жаз да, кет" деді. Тоғыз айдан кейін Назарбаев менің еш кінәсіз босатылғанымды біліп, қайтадан қызметке әкелді. 

Мен болмаған сол тоғыз айдың ішінде, 2013 жылы, Су ресурстары саласында құны 1,5 трлн теңге болатын мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Оның 1 трлн теңгесін қысқартып, қаржы ең көп жұмсалатын үш негізгі бағыт бойынша жұмысты қайта қарадым.

Біріншісі – 600 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру. Екіншісі – көктемде қар еріген кезде суды жинап, сақтап қалу. Бағдарламада 1,5 трлн теңге жұмсап, 600 млн текше метр су жинау көзделген еді. Ал мен қаржыны 1 трлн теңгеге қысқарта отырып, 1 млрд 900 млн текше метр су жинауға болатынын дәлелдедім.

Үшінші бағыт – суды үнемді пайдалану. Бағдарлама авторлары 1,5 трлн теңгенің бір бөлігін жұмсап, 900 млн текше метр суды үнемдеуді жоспарлаған. Ал мен 1 трлн теңгені қысқартып, қалған қаржыға түрлі шараларды жүзеге асыру арқылы 2,5 млрд текше метр суды үнемдеуге болатынын ұсындым. Мұның бәрін Назарбаевтың және басқа да лауазымды тұлғалардың алдында дәлелдеп шықтым. Ұсыныстарым мемлекеттік құжат ретінде бекітілді. Сондықтан бюджет қаражатының 1 трлн 303 млрд теңгесін үнемдеп қалдым деп мемлекеттік құжаттарға сүйеніп айта аламын.

Бірақ 2019 жылы, Назарбаевтың отставкаға кетуіне бір күн қалғанда, мені қамауға алды. Бұл сол кезде маған тісін қайрап жүрген премьер-министр, кейін ҰҚК төрағасы болған Кәрім Мәсімовтің бірнеше лауазымды тұлғамен бірлесіп ұйымдастырған әрекеті. Әрине, мұны мойындаған жоқпын, мойындамаймын да.

Менің ісімді жүргізген Қаржы полициясының полковнигі 400 мың доллар пара алып жатқан жерінде ұсталып, 13 жылға сотталды. Менің үстімнен арыз жазып, "пара дәметіп жүр" деген Шәймерденов те 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу­шілер де жұмыстан кетті. Тіпті мені соттаған судьяның да кейін басы дауға қалып, түрлі жағдайға ұшырағанын естідік.

Мұның бәрі Алланың өз есебі шығар. Ең бастысы, Мәсімовтің және оның айналасындағылардың қазір қайда отырғанын білесіңдер. Сондықтан менің арым таза.

Ол кездегі ақшаны қазіргімен салыстыру қиын. Дегенмен үнемделген 1 трлн 303 млрд теңгеге сол уақытта 145,7 тонна алтын сатып алуға болар еді. Еліміздің тарихын да, әлемдегі басқа мемлекеттердің тәжірибесін де зерттеп көрдім. Осындай көлемдегі қазынаны үнемдеп қалған жоғары лауазымды шенеунікті немесе уәзірді кездестіре алмадым. Мұның өзі – феномен. 
Екіншіден, қазір талай лауазымды тұлға, министр сотталып жатыр. Бірақ олардың қайсысының ақталуы үшін 330 мың адам қол қойып, араша түсті? Мұны да құжатпен дәлелдей аламын. Сот шешімі бойынша маған 11-12 жыл жаза тағайындалуы мүмкін еді. Алайда халықтың осындай қолдауын ескеріп, 5 жылға соттады. Сондықтан басыма іс түскен кезде тарихта сирек кездесетін екі жағдай болды.

– "Сотталғаннан кейін қайта өзімді сенімді сезіндім" деген сөзіңіз бар. Дегенмен сол қызметке келгеніңізге өкінген кезіңіз болды ма? Ал кейін бостандыққа шыққан соң билік пен сот жүйесіне деген көзқарасыңыз өзгерді ме?

– Менде ешқандай өкініш болған жоқ. Керісінше, өзімді қайрай түстім. Тіпті ақтамайтынын, ақталып шықпайтынымды да білдім. Өйткені жүйе солай. Оны түгел өзгерту мүмкін емес. Өмірде таза, тура жолмен жүрген адамдардың өзі осындай қиындықтарға тап болады.
Мен 2 жыл 4 ай отырып шықтым. Оның 1 жыл 3 айын тергеу изоляторында, 1 жыл 1 айын қауіпсіздігі орташа колонияда өткіздім. Негізі бес жылдық жазамның 3 жыл 6 айын түрмеде өткізуім керек еді. Мерзімінен бұрын шартты түрде босатылуға заң жүзінде негіз болса да, мені шығарғысы келмеді. Ел халқы қайта көтеріліп, қол жинағаннан кейін ғана амалсыз босатты. Әрине, істемеген қылмысты "істедім" деп мойындап, кешірім сұрауыма да болар еді. Бірақ ондай қадамға барған жоқпын. Себебі кінәм болмаса, не үшін кешірім сұрауым керек?
Мемлекет, билік – үлкен машина. Атам заманнан солай. Әділеттілік пен әділетсіздік дегеннің өзі салыстырмалы ұғымдар. Мен үшін бұл әділетсіздік болды. Ал жүйеге, бәлкім, солай қажет болған шығар. Демократиясы дамыған АҚШ-тың өзінде де шешім адамның қандай көзқараспен қарайтынына байланысты қабылданады. Сондықтан жүйені өзгерте салу оңай емес.

Су ресурстары комитетінен алғаш босатылғаннан кейін тоғыз айдай ауылда өз кәсібіммен айналысып, бала-шағамның ортасында жүрдім дедім ғой. Сол кезде балаларым да, әйелім де "Өкінбейсіз бе?" деп сұрады. "Ешқандай өкініш жоқ. Бюджет қаражатын үнемдедім. Дәл қазір қайтадан сол қызметке келсем де, бәрібір осылай істер едім", – дедім. Ол кезде қайтадан қызметке оралатынымды, әрине, білген жоқпын. Екінші рет келгенде 303 млрд емес, 1 трлн теңге үнемдедім ғой. 

"Су тапшылығы жылдан-жылға күрделеніп барады" деген пікірмен келіспеймін

– 2024 жылғы тасқын су алдын ала дайындықтағы олқылықтарды айқын көрсетті. Неліктен мемлекет апаттың алдын алуға жүйелі түрде қаржы бөлмей, төтенше жағдай болғаннан кейін ғана қомақты қаражат жұмсауға мәжбүр? 

– Су тасқыны мүлде болмайды деп айту – қате. Оның алдын алған күннің өзінде, енді ешқашан апат қайталанбайды деп кепілдік бере алмаймыз. Табиғаттың күшін жойып жіберу адам қолынан келмейді. Дегенмен гидротехникалық нысандарды салудың өз талаптары мен тәртібі бар. Мысалы, Өзбекстанның Сырдария облысында салынып жатқан Сардоба су қоймасының талапқа сай салынбай жатқанын, одан қауіп төнуі мүмкін екенін 2020 жылы түрмеде отырып-ақ айттым. Мені ешкім тыңдамаған да шығар. Айтқанымдай, 2020 жылғы 30 сәуірден 1 мамырға қараған түні Өзбекстанның Сардоба ауданындағы су қоймасының бөгеті жарылды.

Одан бөлек, Шардара мен Бұқтырма су қоймаларына қатысты да мәселелер бар. Мұның бәрін айтып келеміз, қазір де айтып жүрміз.

– Мәселен, Алматы қаласына да сел немесе су тасқыны қаупі бар деген әңгіме жиі айтылады. Бұл қауіп қаншалықты негізді? Қаладағы қорғаныс нысандары апатқа қаншалықты дайын?

– Қазіргі қорғаныс нысандары кемінде жүз жылдық гидрометеорологиялық бақылаулар негізінде есептеледі. Яғни белгілі бір аумақта осы уақыт аралығында тіркелген ең жоғары жауын-шашын мөлшері мен жер сілкінісінің 8 балдық күші ескеріледі. Бұдан артық қауіпсіздік деңгейіне лайықтап, нысанды шексіз биіктете беру мүмкін емес. Мамандар бұрынғы деректерге сүйене отырып, осындай табиғи құбылыстар қайталанған жағдайда қанша су келуі мүмкін екенін есептеп, математикалық модель жасайды. Қорғаныс шаралары сол есепке сәйкес жобаланады.

Кеңес дәуірінде салынған нысандарды зерттегенде де жүз жылдық бақылау деректері математикалық формулалар арқылы талданады. Осы мәліметтердің негізінде су тасқынының қайталану болжамы есептеліп, алдағы жүз, тіпті екі жүз жылда қандай жағдай болуы мүмкін екені болжанады. Инженерлер қолда бар деректерді пайдаланып, түрлі сценарийді модельдейді. Менің түсіндіруімше, су көлемінің келу заңдылығы жобалық есептердің 80-85 пайызына сәйкес келеді. Ал бұрынғыдан он есе көп су келуі мүмкін деген болжамның ықтималдығы 10-15 пайыз шамасында. Сондықтан Алматыны, сондай-ақ көршілес Өзбекстан мен Тәжікстанды біржақты түрде қауіпті немесе қауіпсіз деп бағалау дұрыс емес.

– Су саласын бірнеше жыл басқардыңыз. Бүгін сол кезеңдегі жұмысыңызға қандай баға берер едіңіз? Қай шешіміңізді қайта қарар едіңіз? 

– Қабылдаған шешімдерімнің ешқайсысын қайта қарамас едім. Өйткені бәрін аттың үстінде шауып келе жатып қабылдаған жоқпын. Бәлкім, сол кездегі кейбір шешімдер қазір қате сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ дәл сол сәтте сол шешім ғана дұрыс болды. Сондықтан "мына шешімім қате еді" деп айта алмаймын. Мысалы, су арналарын "Қазсушар" мекемесінің балансына алып, бір орталыққа шоғырландырдық. Бұл қаржы тарту үшін қажет болды. Өйткені ол кезде жергілікті әкімдіктердің қаржысы аз еді, әрі су инфрақұрылымына деген көзқарасы да дұрыс болмады. Ал қазір жағдай өзгерді. Сондықтан су шаруашылығы инфрақұрылымының басым бөлігін қайтадан жергілікті коммуналдық меншікке беру керек деп санаймын.

2012-2013 жылдары бұл нысандар коммуналдық меншікте болғанымен, жұмыс ілгерілемей, көпшілігі қарау­сыз жатты. Біріншіден, қаржы жетіспеді. Екіншіден, "шаруалар өздері-ақ реттеп алады" деген қате түсінік болды. Бүгінде үкімет бұл салаға көңіл бөліп, қаржы бөле бастағандықтан, инфрақұрылым коммуналдық меншікте болса да, оны тиімді басқаруға мүмкіндік бар.

Меніңше, "Қазсушар" мемлекеттік мекемесінің қарамағында Сәтбаев каналы, Шардара, Көксарай, Қапшағай су қоймасы сияқты облысаралық ірі стратегиялық нысандар қалуы керек. Ал қалған су шаруашылығы нысандарын облыстық коммуналдық меншіктің қарауына берген жөн. Оларға тиісті қаржыны облыс бюджетіне қосып, әр өңірдің өз инфрақұрылымын дербес басқаруына мүмкіндік жасау қажет. Мұның тиімді үлгісін Түркістан мен Жамбыл облыстарынан көруге болады. 

Ауыз су мәселесі де шешімін тапты. Бірен-саран шалғай ауылдар қалып қоюы мүмкін. Бірақ бұл жергілікті биліктің салғырттығынан туындаған мәселе. Жалпы, ауыз сумен қамту мемлекеттік деңгейдегі өзекті мәселе болудан қалды деп есептеймін. Енді жол мәселесі де алдағы екі-үш жылда шешілуі тиіс.

– "Жаңа Қазақстан" ұранына көзқарасыңыз қандай? Осы жылдар ішінде елде қандай нақты өзгерістер болды? Әлде саяси ұран мен күнделікті өмірдегі өзгерістердің арасында алшақтық бар ма?

– Өзгерді ме, жоқ па, оған нақты баға бере алмаймын. Өйткені қазір қоғамның белсенді өміріне араласып жүрген жоқпын, зейнеттегі адаммын. Бірақ "Жаңа Қазақстан" деп ұран көтерілсе, оның артынан міндетті түрде өзгеріс болуы керек. Әрине, бәрі бір күнде түзеліп кетпейді. 

Қазір елімізге тартылып жатқан инвестиция көлемі айтарлықтай. Оның үстіне қаржы бұрынғыдай тек мұнай мен газ саласына ғана емес, өнеркәсіптің басқа бағыттарына да салынып жатыр. Агроөнеркәсіп кешеніне де инвестиция құйылуда. Мұны президенттің өзге мемлекеттермен қарым-қатынасты дұрыс жолға қоя білуінің нәтижесі деп ойлаймын. Бұл болашақта экономиканың дамуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына негіз болатын бастама.

– Қазір немен айналысып жүрсіз? Зейнетке шыққан соң да қоғам өмірінен қол үзбей, кәсіп пен елдік мәселелерге араласып жүрген сияқтысыз…

– Бауырларым да, балаларым да кәсіппен айналысады. Олар маған тыныштық бермейді. Ақыл-кеңес сұрап тұрады. Инвестор тарту мәселелеріне де араласамын. Қазір бірнеше зауыт салынып жатыр. Сонымен қатар суармалы жерлерді қалпына келтіру жөніндегі ойларымды, ұсыныстарымды азаматтармен бөлісіп жүремін. Қысқасы, зейнеттемін деп қол қусырып отырған жоқпын.

Сұхбаттасқан 
Динара Мыңжасарқызы

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: Ислам Әбішев
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз