Arzan.kz: шәкіртақыдан басталған жоба
Бір қарағанда, азық-түлік дүкенінен сүт, нан, жұмыртқа немесе тұрмыстық зат сатып алу аса күрделі шаруа емес.
Өзіңе қажет тауарды тауып, бағасын төлеп, сатып аласың да, үйге қайтасың. Алайда бір ғана өнімді бірнеше дүкеннен сатып алған адам оның бағасы барлық жерде бірдей емесін жақсы біледі. Бір супермаркетте арзан тұрған тауар екіншісінде қымбат болуы мүмкін, ал үшінші дүкендегі «жеңілдік» шын мәнінде бұрынғы бағадан айтарлықтай айырмашылығы жоқ ұсыныс болып шығуы ықтимал. Бұған күн сайын өзгеріп тұратын акцияларды, әртүрлі қаптама көлемін, жеткізу құнын және ондаған сауда желісінің жеке каталогтарын қоссақ, қарапайым зат сатып алу біртіндеп уақыт пен ақшаны айтарлықтай қажет ететін күрделі процеске айналып шыға келеді.
Дегенмен мұның да оңтайлы шешімі бар. Ағайынды студент Ансар мен Санжар өздері дүкен аралап жүріп байқаған шаруаның түйінін технологияның көмегі арқылы шешуге кірісті. Бүгінде олардың командасы ойлап тапқан Arzan.kz әртүрлі дүкендердегі тауар бағасын салыстыруға мүмкіндік беретін қосымша.
Павлодар облысы Ақсу қаласында дүниеге келген 20 жастағы Аңсар Есмұханов бүгінде Назарбаев университетінің математика факультетінде төртінші курста оқиды. Негізгі бағыты – функционалдық анализ бен сымсыз байланыс саласындағы математикалық зерттеулер.
2026 жылғы тамыздағы мәлімет бойынша, Arzan.kz сервисі шамамен 15 сауда желісіндегі 220 мыңнан астам тауарды қамтиды, оның 78 мыңы бірнеше дүкенде қатар сатылып, тікелей салыстыруға қолжетімді. Қазір платформа Алматы, Астана, Қарағанды және Шымкентте жұмыс істейді. Ал Қазақстандағы App Store-да Shopping санатындағы тегін қосымшалар арасында бірінші орынға көтерілген.

Arzan.kz қосымшасының дүниеге келу тарихы да қызық. 2025 жылдың күзінде Аңсар мен Санжар есімді қос ағайынды 50 мың теңгелік шәкіртақымен өмір сүрген. Студент үшін бұл соманың әр теңгесі есептеулі екені анық. Сондықтан ағайындылар бір азық-түлік себетін әртүрлі дүкеннен жинап, қай жерден арзан шығатынын өздері салыстырып жүрген. Kaspi, Arbuz, Small секілді бірнеше қосымшаны қатар ашып, бір тауардың бағасын екіншісімен қолмен салыстыруға тура келген. Бір қарағанда, мұның өзі көп уақыт алмайтын сияқты. Бірақ бірнеше ондаған тауардан тұратын толық себетті осылай есептеп шықсаңыз, жұмыстың көбейетіні анық. Әр өнімді жеке іздеу, көлемін тексеру, акциясын қарау, соңғы бағасын салыстыру деген майда-шүйде шаруаның бәрі қосылып, тамақ пен тұрмыстық тауар сатып алу үлкен жұмысқа айналып шыға келеді.
Ал Arzan.kz дүкендердің каталогтарын бір жерге жинайтын сайт қана емес. Мұнда пайдаланушы нақты бір тауарды іздейді де, оның әр сауда желісіндегі бағасын қатар көре алады. Аңсардың айтуынша, жобаның пайда болуына түрткі болған басты мәселе – халық кей тауарға өзінің әдеттегіден әлдеқайда артық төлеп жүргенін білмеуі. Нан, сүт, жұмыртқа секілді әлеуметтік маңызы бар бірқатар өнімдердің бағасы мемлекет тарапынан бақылауда болғанымен, дүкен сөрелеріндегі басқа тауарлардың құны сауда орнына қарай айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Ал сатып алушының осы айырмашылықты алдын ала біліп, бірнеше дүкеннің бағасын салыстырып жүруіне мүмкіндігі жоқ, уақыты да тапшы. Он дүкеннің каталогын қатар ашып, бір-бірлеп тексеруге күнделікті өмірде жұрттың құлық таныта бермесі тағы анық. Бұл мәселені Аңсар мен командасы студенттік өмірінде жақсы түсініп, әбден түйсінген. Бір дүкенде арзан тұрған тауарды екіншісінен қымбатқа сатып алу көбіне-көп қажетті ақпараттың қолжетімсіздігінен болады. Дүкен өзіндегі бағаны, акцияны, бәсекелестерінің бағасын білуі мүмкін, ал қарапайым сатып алушы мұндай ақпараттың бәрін бір уақытта көре алмайды. Arzan.kz осы ақпараттық теңсіздікті азайтуды көздейді.
«Сервис ашық дереккөздерден ақпарат жинау және мүмкіндік болған жағдайда дүкендердің ресми API жүйелерін пайдалану арқылы мәліметтер алады. Бағалар күніне бірнеше рет жаңартылады. Мұның себебі түсінікті. Азық-түлік нарығында акциялар мен жеңілдіктер жылдам өзгереді. Кеше арзан болған өнім бүгін қымбаттауы мүмкін, ал кеше болған акцияның мерзімі бүгін аяқталуы ықтимал. Сондықтан бағаны салыстыру сервисі үшін ескі ақпараттың пайдасынан зияны көп. Arzan.kz-тің мүмкіндігі тек бір тауардың бағасын салыстырумен шектелмейді. Пайдаланушы қажетті өнімді іздеп, бірнеше дүкеннің ұсынысын көре алады, себет жинап, тауардың бағасы бұрын қалай өзгергенін бақылайды, жеңілдіктің қаншалықты шынайы екенін тексереді. Бұдан бөлек, бұрынғы чекті жүктеп, қазіргі бағамен салыстыруға мүмкіндік бар.
Мәселе Алматыда «MAKFA спагеттиі №16, 400 грамм» бір дүкенде 339 теңге болса, басқа дүкенде 649 теңгеге сатылуы мүмкін. Демек, тұтынушы бір ғана тауардың өзін қай жерден алатынына қарай шамамен екі есе көп немесе аз ақша жұмсайды. Бір қарағанда, бірнеше жүз теңгенің айырмасы елеусіз көрінуі мүмкін. Бірақ күн сайын жасалатын азық-түлік саудасын, ай сайынғы шығынды және отбасының тұрақты тұтынуын есепке алсақ, мұндай айырмашылықтың маңызы зор. Жобаның идеясы, негізінде, бүгін не кеше ғана пайда болған жоқ. Оның тарихы кемі он жыл бұрынғы кезеңмен сабақтасып жатыр. Ағам мен оның досы электроника тауарларының бағасын салыстыруға арналған Pricer.kz сервисін көргеннен кейін азық-түлік нарығына арналған осындай жоба жасау туралы ой туады. Бірақ 2016 жылы мұндай сервисті жасау техникалық жағынан да, ресурстық тұрғыдан да тым күрделі процесс болатын. Жүйені ұстап тұру үшін үлкен команда қажет еді. Былайша айтқанда, шамамен 20 адам керек болған. Ал жасанды интеллектінің мүмкіндіктері күрт дамыған соң, бұрын тым күрделі көрінген жұмыстың бір бөлігін автоматтандыру мүмкіндігі пайда болды. Сонымен 2023 жылы осы идеяға қайта оралып, нақты жобаға айналдыруға кірісіп кеттік.
Жобаның алғашқы жұмыс істейтін нұсқасы небәрі үш айда дайын болды. Алайда сайттың іске қосылуы жұмыстың аяқталғанын білдірген жоқ. Келесі үш ай деректерді реттеуге, қателерді түзетуге және бір тауардың әртүрлі дүкендегі нұсқаларын дұрыс сәйкестендіруге жұмсалды. Алғашында, шамамен наурыз айында жоба minprice.kz атауымен жарыққа шыққан еді. Кейін оның атауы Аrzan.kz болып өзгертіледі. Бұған атаудың қарапайым пайдаланушыға түсініксіз болуы себеп болған. Тіпті өз анам алғашқы атауды «микспайз» деп оқыды. Ал Аrzan.kz атауы жобаның негізгі идеясын бірден түсіндіретін сияқты», – дейді 20 жасар өнертапқыш.
Дегенмен мұндай жүйедегі ең күрделі мәселе – дерек жинау да емес екен, анығында, сол деректің дұрыстығы мен нақтылығын қамтамасыз ету. Әдетте қарағанда, «бір тауарды екінші тауардан ажырату» оңай көрінгенімен, іс жүзінде дүкендердің атау беру тәсілі әртүрлі, қаптамалар өзгереді, бір тауардың бірнеше көлемі болады, кейде бір штрихкод әртүрлі деңгейдегі қаптамаларда кездесуі мүмкін. Сондықтан команда жұмысты алғашында қарапайым алгоритмдерден бастағанымен кейін қателердің көп болғанын түсінген. Қазір сәйкестендіру бірнеше сатымен жүреді екен. Алдымен тауардың бренд пен көлеміне мән берілсе, кейін атауы мен суреті, одан соң штрихкод және басқа белгілері қаралады. Команда штрихкодқа ғана сүйенбейді. Мысалы, жүйе тауардың данасына немесе килограмына шаққандағы бағасын да тексереді. Егер бір дүкендегі баға басқа дүкендердегі көрсеткіштерден күрт ауытқып кетсе, мұндай ақпаратты автоматты түрде жарияламай, адам тексеретін арнайы кезекке жібереді. Қазір мұндай тексеру кезегінде шамамен 300 тауар бар. Сонымен қатар аномалияларды анықтайтын жүйе күн сайын бүкіл каталогты қарап шығады. Сервистің дәлдігін нақты пайызбен көрсету әзірге мүмкін емес. Себебі барлық тауардың 100 пайыз дұрыс сәйкестендірілгенін көрсететін мінсіз эталон база жоқ. Аңсардың өзі Аrzan.kz-ті әлі толық аяқталған өнім деп санамайды. Кейбір санаттарда, іздеу жүйесінде және басқа да бөліктерде кемшіліктер бар, олар біртіндеп түзетіліп жатыр.
Сервистің тағы бір ерекшелігі – оның қазақ тіліне басымдық беруі. Сонымен қатар жүйе тауардың тек жалпы бағасын ғана емес, килограмына немесе литріне шаққандағы құнын да есептейді. Бұл тұтынушы үшін маңызды, өйткені бір тауардың қаптамасы үлкен болған сайын оның жалпы бағасы жоғары болуы мүмкін, бірақ бірлік бағасы арзан болуы ықтимал. Бұдан бөлек, платформада чек сканері бар. Ал дүкендегі «акция» деген жазудың шын мәнінде қаншалықты тиімді екенін түсіну үшін тауардың қазіргі бағасын соңғы 30 күндегі бағамен салыстыруға да мүмкіндік бар.

«Қазір жобамен 5 адамнан құралған команда жұмыс істейді. Оның құрамында мен, екі инженер, дата-аналитик және SMM маманы бар. Сервистің аудиториясы да біртіндеп өсіп келеді. Қазіргі таңда 8 мыңнан астам аккаунт ресми тіркелген. Соңғы 30 күндегі қосымшаның белсенді қолданушыларының саны 9 749 адамға жетсе, осы кезеңдегі сессиялар саны 58 876‑ға жетті. Сайтқа соңғы 30 күнде қолданушылар 25 мыңнан астам кірген екен, оның 15 923-і – бірегей қонақтар. Платформадағы мәліметтер ауқымы да аз емес. Бүгінде белсенді тауар саны 66 589-ға жеткен. Сервиске 47 дүкен, 13 сауда желісі қосылған. Қазір жүйе Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды және Ақтөбе қалаларын қамтиды. Қосылған сауда желілері Қазақстандағы азық-түлік нарығының шамамен 30 пайызын құрайды. Мұндай көлемдегі дерек тек сатып алушы үшін ғана емес, нарықтағы компаниялардың өзі үшін де құнды. Сондықтан Аrzan.kz монетизациясының негізгі моделі қарапайым қолданушыдан ақша алуға құрылмаған. Салыстыру, себет жасау, чек пайдалану секілді негізгі функциялар тегін. Жоба жинақталған баға мен сұраныс туралы деректерді дүкендер мен жеткізушілерге ұсыну арқылы табыс таппақ. Яғни сервис – қарапайым тұтынушы, сіз бен біз үшін тегін, табыс көзіміз нарықтағы баға мен сұраныс туралы ақпаратты бизнеске сату. Мәселен осы орайда бір жетістігімізді қоса кеткім келеді. Алматыда бір супермаркет біздің сервиске қосылған соң, сусын бағасын осы деректерге қарап қоя бастаған. Бұл жерде командамыздың маңызды принципі бар, яғни салыстыру нәтижесін ақшаға сатпау. Белгілі бір дүкен әлде сауда орны Аrzan.kz-ке ақша төлеп, өзін бірінші орынға шығара алмайды. Тауарлар бағаға қарай реттеле береді, яғни ең арзаны жоғары тұрады. Серіктес дүкен мен серіктес емес дүкеннің бағасы да бірдей тәртіппен жаңартылады. Ең қызығы, жақында ірі супермаркет желілерінің бірі Аrzan.kz-тегі өз ақпаратын алып тастау үшін командаға ақша ұсынған еді. Алайда командамызбен келісе отырып, бұл ұсыныстан бас тарттық. Әділдікті жақсы көреміз. Себебі сервистің негізгі мақсаты – тұтынушының мүддесін қорғау. Сатып алушы туралы жиналатын ақпаратқа келгенде де команда сертке берік. Жеке деректер үшінші тарапқа берілмейді», – дейді А.Есмұханов.
Ең қызығы, студенттің университеттегі ғылыми ізденісімен қатар, тағы бір ерекше хоббиі – кино өнері. Жақында Аңсардың жаңа қысқаметражды Comme Ça фильмі көрерменге жол тартты. Аңсардың Аrzan.kz-тен бөлек жеке жоспары да ауқымды. Ол математикалық білімін жалғастырып, магистратура мен PhD дәрежесіне дейін баруды, ғылыми-зерттеу саласында жұмыс істеуді көздейді. Сонымен қатар кино өнеріне деген қызығушылығын да дамыта бермек. Қысқаметражды фильмдер түсірумен қатар, киноға рецензия жазып, болашақта толықметражды фильм түсіруді армандайды екен. Ал Аrzan.kz-тің алдағы мақсаты – алдымен Қазақстанды толық қамту, кейін көршілес нарықтарға шығу. Ол үшін жобаны одан әрі дамыту, инвестициялық раундтар тарту жоспарланып отыр. Ұзақ мерзімді перспектива үшін команда жобаны өздерінің негізгі принциптерін сақтайтын шарт арқылы жетістікке жетуді көздейді. Жобаны жасаудағы түпкі мәселесі әлдеқайда қарапайым. Сатып алушы өзіне керек тауарды басқа жерден арзанырақ ала алатынын білмеуі мүмкін. Бір қарағанда, ұсақ көрінетін осы ақпарат тапшылығы үлкен технологиялық жүйенің пайда болуына жол ашты.
«Қазір «жасанды интеллект бәрін алмастырады» деген үрейге қарамастан, математика бәрібір қажет. ЖИ-дің қарқынды дамуы математикаға деген қажеттілікті азайтпайды. Керісінше, ЖИ математиканы ығыстырмай, оның мүмкіндігін кеңейте түседі. Бұл пікірімді дәлелдейтін ең жаңа мысалдардың бірі – Навье–Стокс мәселесіне қатысты қазіргі жағдай. 2026 жылғы 8 қыркүйекте ЖИ жүйесі осы әйгілі Millennium Prize мәселесіне қатысты шешім ұсынған еді. Яғни жақында мыңжылдық сыйлық мәселесі Навье–Стокс теңдеуі дәл ЖИ көмегімен шешілді. Бұл жаңалық математика үшін AI-дың бәсекелес емес, жаңа құралға айналып келе жатқанын көрсететін маңызды мысал болуы мүмкін. Дегенмен мұнда бір маңызды ескерту бар. OpenAI өз нәтижесін «шешім» деп жариялағанымен, математикалық қауымдастық оның дұрыстығын әлі тексеріп жатыр, ал Clay Mathematics Institute-тің ресми мәртебесі өзгерген жоқ. Сондықтан оны әзірге «AI математиканы толық шешіп қойды» деп емес, математикалық зерттеудегі AI мүмкіндіктерінің өте мықты мысалы ретінде қабылдаған дұрыс. Болашақта тек академиялық математикамен шектеліп қалмай, AI, software engineering, machine learning, data science, жоғары жиілікті деректермен жұмыс істеу үшін ұсыныстарға ашықпын», – дейді Аңсар.
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ