«Аштықтан өлді деген күдік бар»: Екібастұзда 8 айлық сәби көз жұмды
Екібастұзда 8 айлық сәби мерт болды. Оның мәйіті Шідерті кентінде тұратын әжесінің үйінен табылған, деп хабарлайды Zhasalash.kz qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.
Суыт хабарды алдымен Павлодардағы «Vita» іздестіру жасағының еріктілері жариялады. Олар сәбидің аштан өлгенін және осы отбасындағы басқа балалардың да хәлі мүшкіл, деп хабарлама таратқан болатын. Осыдан кейін барып облыстық денсаулық сақтау департаменті сәбидің қайтыс болғанын растады. Дәрігерлер баланы тексерген кезде салмағының тым жеңіл екендігін анықтаған. Дерекке қарағанда анасы тұрғылықты мекен жайын жиі ауыстырып отырған. Шідерті кентіне үш ай бұрын көшіп барыпты. Бұған дейін бүлдіршіннің ауырып, медициналық көмекке жүгіну дерегі мәліметтер базасында тіркелмеген.
«Жедел жәрдем қызметінің ақпараты бойынша қараша айының 17-де шақырту келіп түседі. Дәрігерлер барған кезде баланың денесі суып, тыныс алуы тоқтап, көгеріп кеткен екен. Мамандар сол жерде оның қайтыс болганын жария еткен. Бала анасымен 4,5 айга дейін Павлодарда тұрды және нөмірі 3-ші емханада қаралды. Невропотолог, хирургтың тексеруінен өтіп, дені сау деген диагноз койылған», - деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева.
Бүлдіршіннің бақилық болуының нақты себебі гистологиялық сараптама нәтижесінен кейін белгілі болады. Бірақ, бұл отбасында бақилық болған сәбиден бөлек екі бала бар. Дегенмен, осы күнге дейін ешқандай әлеуметтік көмек алмағаны анықталды.
Бұл - соңғы аптада бала өліміне қатысты Екібастұзда болған жантүршігерлік екінші жағдай. Бірер күн бұрын ғана туған анасы мен оның көңілдесі көміп тастаған 8 жасар Милана Давыдованың денесі табылған болатын. Ал, жыл басынан бері Екібастұзда жеткіншектерге қатысты жасалған 66 зорлық-зомбылық дерегі тіркелген. Сондықтан облыс әкімі жедел жиын өткізіп әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Айзада Құрмановаға, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекинге және облыстық білім беру және халықты әлеуметтік қорғау басқармаларының басшыларына сөгіс жариялады.