Астана мен Алматы әуежайларында жалған құжатпен шекарадан өтпек болған 19 шетелдік анықталды
Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі хабарлады.
2026 жылдың қыркүйек және қазан айларында Астана мен Алматы қалаларының әуежайларында Қазақстан шекарасын жалған құжатпен кесіп өтпек болған 19 шетел азаматы анықталды.
Тексеру кезінде олардың басым бөлігі жалған визалар мен басқа адамдардың жеке деректері көрсетілген құжаттарды пайдаланғаны белгілі болды.
Аталған деректер бойынша құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Шекара қызметінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері шекаралық бақылау кезінде жалған немесе бөгде құжаттарды пайдалануға қатысты осындай 358 құқық бұзушылықтың жолы кесілген.
Ведомство мемлекеттік шекараны жалған не басқа адамға тиесілі құжаттармен кесіп өтуге әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.