Ресейде Нұрлан Сабуровтың компаниясы таратылмақ
Ресейдің Федералдық салық қызметі қазақстандық әзілкеш Нұрлан Сабуровқа тиесілі "Сабр Продакшн" ЖШҚ компаниясын заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінен шығару рәсімін ба
SHOT Telegram арнасының мәліметінше, тиісті рәсім 12 қазанда басталған.
Нұрлан Сабуров бұл компанияны 2025 жылдың сәуір айында бейнеконтент өндіру мақсатында тіркеген. Әзілкеш компанияның жалғыз құрылтайшысы болған.
Дереккөздің хабарлауынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша "Сабр Продакшн" компаниясының кірісі шамамен 16 миллион рубльді, ал таза пайдасы 14 миллион рубльге жуық соманы құраған.
SHOT компанияның Сабуров Шереметьево әуежайында көші-қон заңнамасына қатысты мәселелерге байланысты ұсталғанға дейін шамамен үш апта бұрын тіркелгеніне назар аударған.
Қазір Сабуровтың Қазақстанда тұрып, концерттік қызметін жалғастырып жатқаны хабарланды.
Бұған дейін SHOT әзілкештің Ресейде құны шамамен 10 миллион рубль болатын қымбат жол талғамайтын көлігін сатқанын жазған. Алайда ол Мәскеу облысының Истра ауданындағы жер телімімен бірге орналасқан үйін сақтап қалған. Жер телімінің аумағы – 1285 шаршы метр. Дереккөз бұл жылжымайтын мүліктің құнын шамамен 115 миллион рубльге бағалайды.
Ал Қазақстандағы ашық тізілімдердің мәліметінше, әзілкештің кәсіпкерлік қызметі Степногорск қаласында тіркелген. "Сабуров" жеке кәсіпкерлігі 2023 жылғы 30 наурызда ашылған. Оның басшысы ретінде Нұрлан Сабуров көрсетілген.
Сабуровқа Ресейге кіруге 50 жылға тыйым салынған
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық әзілкеш Нұрлан Сабуровқа Ресей аумағына 50 жыл бойы кіруге тыйым салынғаны хабарланған еді.
БАҚ мәліметінше, мұндай шешімге оның Ресейдің Украинадағы соғысын сынауы, сондай-ақ көші-қон және салық заңнамасын бұзуы мүмкін деген күдік себеп болған.
Кейін әлеуметтік желілерде Сабуровтың Ресей жағында соғысып жүрген "Вагнер" жеке әскери компаниясының бөлімшелерінің біріне эндуро мотоциклдерін беріп жатқаны көрсетілген видео тарады.
Осыған байланысты белсенді Марат Тұрымбетов Қазақстанның Бас прокуратурасына жүгініп, Сабуровтың "Вагнер Истра легионы" бөлімшесіне 10 мотоцикл тапсырғаны туралы бейнежазбаны тексеруді талап етті.
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Мәжіліс кулуарында бұл мәселемен айналысу Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзыретіне жататынын мәлімдеді.
Кейін Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұрлан Сабуровтың "Вагнер" құрылымының өкілдеріне 10 мотоцикл беруі мүмкін екені туралы ақпаратты тексеріп жатқаны белгілі болды.
Сонымен қатар украиналық заңгер Андрей Пронин өзінің өтініші негізінде Украина қауіпсіздік қызметі Қылмыстық кодекстің 111-2-бабы ("Агрессор мемлекетке жәрдемдесу") бойынша сотқа дейінгі тергеу бастағанын хабарлады. Оның айтуынша, іс ресейлік қарулы құрылымдардың өкілдеріне материалдық ресурстар берілуі мүмкін деген дерекке қатысты қозғалған.
25 ақпанда Сабуров Пхукеттегі концертінде Ресейге кіруге тыйым салынғанын және БАҚ-та өзі туралы жарияланған ақпараттарды әзілге айналдырған.
Ал сәуір айында оның Қытайдағы концерттері тоқтатылды. Көп ұзамай Молдова билігі де ел аумағында Нұрлан Сабуровтың қатысуымен іс-шара өткізу орынсыз деп санайтынын мәлімдеді.
Кейін Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі Сабуровқа қатысты ақпаратты тексеру жұмыстары аяқталғанын хабарлады.