«Астана» жанкүйерлері алданып қалды
«Астана» футбол клубы УЕФА Конференция лигасы негізгі кезеңінің бесінші туры аясындағы матчта лондондық «Челсиден» жеңілді. Алматыда өткен кездесу 1:3 есебімен аяқталды.
Осылайша, 5 турдан кейін небәрі 4 ұпай жинап, турнирлік кестеде 28-орынға жайғасты. Команданың плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігі өте төмен. «Астана» негізгі кезеңдегі соңғы матчын кипрлік АПОЭЛ-ге қарсы өткізеді. Егер сол ойында жеңіске жете алмаса, елордалықтар үшін биылғы маусым аяқталады. Біз бұған дейін «Астана» сырт алаңдағы екі матчқа қосалқы құрам ойыншыларын алып барып, «әдейі» жеңілгенін жазған едік. Соған қарағанда клуб басшыларына плей-офф кезеңі аса қажет болмаған сияқты.
Күз басында жеребе тартылып, Қазақстанға «Челси» келетіні белгілі болғалы жанкүйер қауымнан дегбір қашқан. Көбі Кай Хаверц, Коул Палмер сияқты сұрапылдардың ойынын өз көзімізбен көрміз деп күткен. Соған сай «Астана» – «Челси» матчының билет бағасы да өте жоғары болды. Елордалық клуб билетті екі бөліп сатты. Бірінші бөлігі – 10-40 мың теңге, екінші жартысын – 15-75 мың теңге болды.
Сөйтіп, көптен күткен 12 желтоқсан келіп, атақты «Челси» Алматыда өнер көрсетті. Бірақ бұл жерде атақты деген сөзді амалсыз қолданып отырмыз. Әйтпесе, біздің елге атақты «Челси» келген жоқ. Лондондық клубтың бапкері Энцо Мареска «Астанаға» қарсы матчқа мына ойыншыларды ертіп келді:
Қақпашылар: Филип Йоргенсен, Лукас Бергстрем, Макс Меррик;
Қорғаушылар: Аксель Дисаси, Тосин Адарабиойо, Ренату Вейга, Харрисон Мюррей-Кэмпбелл, Ричард Олисе, Джош Ачимпонг, Кайден Уилсон;
Жартылай қорғаушылар: Кирнан Дьюзбери-Холл, Сэмьюэл Рак-Саки, Харви Вейл, Киано Дайер, Карни Чуквуэмека;
Шабуылшылар: Педру Нету, Тайрик Джордж, Ато Ампа, Шумайра Мхеука, Марк Гиу.
Кілең жас балалар. Футбол десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлердің өзі Дисаси, Адарабиойо, Гиу сияқты екі-үш ойыншыны әрең танитын болар. «Челсидің» жұлдыздарын көреміз деп 30-40 мыңға билет алып алған көпшілік желіде «мен алдандым» деп жазба жариялап жатты.
Қымбатқа билет алып, күннің суығына қармай стадионға келген жанкүйерлерді тағы бір жайсыз жағдайға тап болды. «Орталық стадионның» кей бөлігі қардан тазаланбай, орындықтарға мұз қатып жатыпты. Көпшілік мұны суретке түсіріп, желіге жариялаған соң стадион меңгерушісі Бауыржан Жұмажанов қызметінен босатылды.