Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:10, 11 Наурыз 2024

Астанада Бишімбаев ісі бойынша алдын-ала сот тыңдауы өтіп жатыр

Нүкенова
Фото: centralasia.media

Астанада жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау өтіп жатыр.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың некелері ресми түрде тіркелмеген. Айыптаушы тарап Бишімбаев өлтірілген әйелдің барлық телефон қоңырауларын бақылап, оған жұмыс істеуге тыйым салып, оны толығымен қаржылық тәуелді етті деп санайды.

Прокурордың айтуынша, Бишімбаев қызғаныштан әйеліне қарсы жүйелі түрде физикалық күш қолданған. Сонымен қатар, прокурор 2023 жылы наурыз айының ортасында Бишімбаев Астанада Нүкенованы ұрып-соққанын айтты. Салтанат Нүкенова ағасына шағымданған. Ол Салтанатты Бишімбаевпен ажырасуға көндірмек болған, бірақ ол көнбеген.

2023 жылдың жазында Бишімбаев Нүкенованы Алматыға көшуге шақырады. Ол зорлық-зомбылық болмайды деген үмітпен келісті. Алайда ол оған физикалық күш көрсетуді жалғастырды, деді мемлекеттік айыптаушы.

«2023 жылдың тамыз айында Нүкенова Бишімбаевтың жүйелі түрде ұрып-соғуына және қорлауына төзе алмай, Павлодардағы ата-анасына барған. Алайда Бишімбаев кешірім сұрап, Нүкенованы өзіне қайтаруға көндірді. Осыдан кейін Нүкенова Бишімбаевты тастап кетпек болған, бірақ, Бишімбаев енді аралары жақсы болатынын, ұрып-соғу болмайтынын айтып уәде берген. 2023 жылдың қазан айының соңында Астана қаласында Бишімбаев ойдан шығарылған қызғаныш салдарынан тағы да жанжал шығарып,  Нүкенованы тағы да ұрып, оның басына, денесіне жарақат салған», - деді мемлекеттік айыптаушы.

 

Айыптаушы тараптың айтуынша, кісі өлтірілген күні Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенова Астанада концертте болған. Олардың арасында жанжал туындады. Артынша олар бірге мейрамханаға барған, ол жерде жанжал жалғасқан. Бойжеткен Бишімбаевты тастап кеткісі келетінін айтып, бұл туралы хабарламасында ағасына айтқан.

«Концерт кезінде Бишімбаев болмашы себеппен Нүкеновамен жанжалдасып, концерттің аяқталуын күтпестен екеуі ғимараттан шығып, балағат сөздер айтуды жалғастырып, «БАО» мейрамханасына жаяу барды. .

Мейрамханада спирттік ішімдік ішіп отырып, олар жағдайды реттеуге тырысқан. Нүкенова Бишімбаевқа бұл қарым-қатынастан шаршағанын айтып, ақыры одан кетуге шешім қабылдайды. Нүкенова да осы факті бойынша ағасына түнеуге келетінін жазып, такси шақырмақ болған», - деді прокурор.

«Бишімбаев мас күйінде Нүкенованың басынан қатты соққылармен ұрған. Осыдан кейін ол оны тепкілей бастады. Бойжеткен қашуға әрекеттеніп, бөлмелердің біріне тығылып қалған, бірақ Бишімбаев есікті ашып, оны қайтадан ұрып-соғады», - деді мемлекеттік айыптаушы. Нүкенова бірнеше рет есінен танып қалғанымен, сотталушы оны ұра берген.

9 қарашада аса ауыр қылмыс жасаған соң Бишімбаев гастроцентр директоры Байжановқа телефон соғып, еш түсіндірместен жұмысқа келуге бұйырған. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, гастроцентрге жеткенде Байжанов ес-түссіз жатқан және сырылдап дауыс шығарған Нүкенованы көрген. Сондай-ақ оқиға орнында қан мен жұлынған шаш табылған. Бишімбаевтың өтініші бойынша олар Нүкенованы көтергенде, оның денесі қимылсыз жатқан. Қызды диванға жатқызады. Бірнеше сағаттан кейін Байжанов Нүкенованың қайтыс болғанын біледі.

Ал, күдікті Бишімбаев өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты.

«Маған тағылған айыптың мәні түсінікті, мен өз кінәмді мойындамаймын», - деді Бишімбаев бүгін соттағы алдын ала тыңдау барысында.

 

Фото: centralasia.media