Қоғам

Ақтауда "соқырішектен" көз жұмған 13 жастағы баланың өліміне қатысты балалар хирургі қамалды

Ақтауда кәмелетке толмаған науқастың қайтыс болуына байланысты облыстық балалар ауруханасының хирургі ұсталды.

Ұстау

Полиция дәрігерді кәсіби міндеттерін тиісінше орындамады деген күдікке ілінгенін хабарлады.

Тергеу мәліметіне сәйкес, балаға облыстық балалар ауруханасында медициналық көмек көрсету кезінде ұйымдастыру, емдеу және диагноз қоюға қатысты бірқатар кемшілікке жол берілген. Кейін науқастың жағдайы күрт нашарлап, ол санитарлық авиациямен Алматыдағы медициналық мекемеге жеткізілген. Алайда дәрігерлер баланың өмірін сақтап қала алмаған.

Оқиға бойынша медицина қызметкерлерінен жауап алынып, сот-медициналық сараптама жүргізілген. Комиссиялық сараптама қорытындысында медициналық көмек көрсету кезінде анықталған олқылықтар асқынудың дамуына ықпал етуі мүмкін екені көрсетілген.

Полицияның мәліметінше, 1 қазанда хирург Қылмыстық-процестік кодекстің 128-бабы негізінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.

Алайда дәрігерді аурухана басшылығының өкілі қорғап отыр. Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары Үміт Ильясова әлеуметтік желі арқылы Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрліктерінің басшыларына үндеу жасап, ұсталған хирургтің көп баланың өмірін сақтап қалған тәжірибелі маман екенін жазды.

Оның айтуынша, дәрігер бастапқыда куәлік беруге шақырылған, кейін ұсталған. Ильясова адвокатқа бұл туралы дер кезінде хабарланбағанын айтып, хирургті қамауға алуға негіз болмағанын мәлімдеді.

Бұған дейін сәуір айында Ақтау тұрғыны Жұлдыз Азанова 13 жастағы ұлының дәрігерлердің әрекетінен кейін ауыр халге түсіп, қайтыс болғанын айтқан еді. Осы жағдайдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі тексеру жүргізіп, облыстық көпбейінді балалар ауруханасында бірқатар заңбұзушылықты анықтаған.

Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Дәрігердің кінәсі сотта дәлелденген жоқ және оның құқықтық жауапкершілігі сот шешімімен анықталады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз