Live

Астанада екі баласының көзінше әйелді өлтірді деп айыпталған ер адамның ісі сотта қаралады

Астанада 31 жастағы Сания Әлімжанованы екі баласының көзінше өлтірді деп айыпталған Ержан Иманқұловтың ісі сотта қаралмақ.

Сания Әлімжанова

 Марқұмның қаза табар алдында полицияға хабарласқаны да белгілі болған.

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 19 маусымда Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Ержан Иманқұлов бұрын қарым-қатынаста болған Сания Әлімжанованың үйіне келген. Сол кезде әйел пәтерінде 7 және 10 жастағы екі баласымен бірге отырған.

Жарияланған ақпаратқа қарағанда, ер адам әйелге пышақпен шабуыл жасаған. Оқиға кезінде балалар үйде болған. Олар көршілерден көмек сұрағанымен, әйелді аман алып қалу мүмкін болмаған.

Қылмыстан кейін күдікті көпқабатты үйдің 25-қабатынан секіргені хабарланды. Ол төменде тұрған автокөліктің үстіне құлап, тірі қалған.

Марқұм полицияға хабарласқан

Бұл оқиғаға қатысты қоғам назарын аударған тағы бір жайт – Санияның қаза табар алдында полицияға хабарласуы.

БАҚ мәліметінше, әйел 102 нөміріне қоңырау шалып, пәтерінде пышақ ұстаған ер адам бар екенін және өміріне қауіп төніп тұрғанын жеткізген.

Әлеуметтік желілерде осы қоңыраудың аудиожазбасы жарияланғаны туралы ақпарат тарады. Алайда жазбаның түпнұсқалығы әзірге тәуелсіз түрде расталған жоқ.

Бұл жағдай полицияның шұғыл шақыртуға қалай әрекет еткені және қайғылы оқиғаның алдын алуға мүмкіндік болған-болмағаны туралы сұрақ туғызады.

Айыпталушының психикалық жағдайына қатысты дау шықты

28 қазанда Астанада өткен сот отырысында айыпталушының психикалық жағдайына байланысты мәселе қаралды. Прокуратура Иманқұлов қылмыс жасалған кезде уақытша психикалық ауытқу жағдайында болған деген сараптама қорытындысына сүйеніп, оны мәжбүрлі емдеуге жіберуді сұраған.

Алайда марқұмның туыстары бұл тұжырыммен келіспейді. Олар психиатриялық сараптама қорытындыларына күмән келтіріп, істің жан-жақты зерттелуін талап етіп отыр.

Жәбірленуші тарап істі прокуратураға қайтару туралы өтініш бергенімен, судья Айжан Құлбаева оны қанағаттандырмады. Сот сараптамаға қатысты уәждер негізгі талқылау барысында қаралатынын мәлімдеді.

Келесі сот отырысы 6 қараша күні сағат 14:30–ға белгіленген.

Әзірге айыпталушы арнайы психиатриялық мекемеде болады.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз