Астанада қоғамдық көлікте жүру ақысы қымбаттауы мүмкін
Астанада қоғамдық көлікте жүру ақысы қымбаттауы мүмкін. 1 желтоқсаннан бастап қолма-қол ақшасыз төлем кезіндегі тарифті қазіргі 110 теңгеден 150 теңгеге дейін көтеру ұсынылып отыр.
Астана әкімдігінің мәліметінше, тарифті қайта қарауға тасымалдаушылар шығынының айтарлықтай өсуі себеп болған.
Әкімдік келтірген дерек бойынша, қоғамдық көліктегі жол жүру тарифі соңғы жылдары бір рет қана өзгерген. Қазір бір сапардың құны – 110 теңге. Ал осы уақыт ішінде жанармай, қосалқы бөлшектер мен қызметкерлердің еңбекақысына жұмсалатын шығын көбейген.
Мәселен, дизель отынының бір литрі 107 теңгеден 329 теңгеге дейін, яғни үш еседен астам қымбаттаған. 2014 жылы автобус жүргізушілерінің орташа жалақысы 100–150 мың теңге болса, қазір автобус класы мен жұмыс режиміне қарай 700 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Әкімдік есебіне сәйкес, 2026 жылы бір жолаушыны тасымалдаудың орташа өзіндік құны қазіргі тарифтен едәуір жоғары. Осыған байланысты 1 желтоқсаннан бастап қолма-қол ақшасыз төлем тарифін 150 теңге деңгейінде белгілеу ұсынылған.
Сонымен қатар қолданыстағы жеңілдіктерді сақтау жоспарланып отыр. Зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар мен аналар, мүгедектігі бар азаматтар және басқа да жеңілдік санаттарына қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі сақталады. Астанада білім алатын 18 жасқа дейінгі балалар да қоғамдық көлікті тегін пайдалана береді.
Әзірге 150 теңгелік тариф ұсыныс ретінде қарастырылып жатыр.