Live

Астанада шатырдан секірмек болған жігіт 10 тәулікке қамалды

Астанада тұрғын үй кешенінің төбесінен секірмек болған ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

1

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сот оның ісін ұсақ бұзақылық дерегі бойынша қарады.

Соттың мәліметінше, 2026 жылғы 20 сәуірде ер адам мас күйінде «Көркем-3» тұрғын үй кешенінің шатырына шығып, оның шетіне барған. Сотта оның әрекеті әдейі көрсетілімдік сипатта болғаны, қоғамдық тәртіпті бұзғаны, өз қауіпсіздігіне қатер төндіргені және айналасындағыларға алаңдаушылық туғызғаны атап өтілді.

Сот отырысында ер адам кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Ол сол күні мас болғанын және өз әрекетін толық бақыламағанын айтты. Мұндай қадамға баруын сүйіктісімен жанжалмен байланыстырған.

Құқық бұзушылық фактісі оқиға орнындағы бейнежазбамен және өзге де материалдармен дәлелденген.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау қарастырылған.

Сот шешімімен ер адам кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Жаза тағайындау кезінде сот оның әрекетінің қоғамға құрметсіздік танытқанын және қоғамдық тәртіпке кері әсер еткенін ескерген.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Тегтер: Астана
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз