Қоғам

Астанада Ұлытау өңірінің креативті әлеуеті таныстырылды

Ұлытау облысының шығармашылық қауымдастығы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Екі күнге жалғасқан мәдени алаңда өңірдің қолөнершілері, дизайнерлері мен креативті кәсіп өкілдері өз еңбектерін көпшілікке ұсынып, оларды тікелей сатып алушылармен қауыштырды.

zhezlife.kz

Шараның негізгі мазмұны тарихи мұраны дәстүрлі түрде көрсету емес, оны бүгінгі заманның шығармашылық көзқарасымен қайта таныстыруға құрылды. Сондықтан көрмеде ұлттық нақыштағы әшекейлер мен қолөнер туындыларынан бастап, этностильдегі киімдер, авторлық дизайн жұмыстары және заманауи технология элементтері қолданылған жобаларға дейін қойылды.

Барлық экспозиция Ұлытау өңірінің мәдени болмысын жаңа қырынан таныстыруды көздеді.Көрме барысында келушілер дайын бұйымдарды тамашалап қана қоймай, оларды жасаған шеберлермен тікелей тілдесуге мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде авторлар үшін жаңа серіктестер табуға, өнімдерін насихаттауға және сатып алушылардың пікірін білуге жағдай жасады.

Ұйымдастырушылар келтірген мәліметке сәйкес, 18-19 шілде күндері өткен іс-шараға шамамен алты мың адам келген. Көрме қорытындысында Ұлытау облысынан келген қатысушылардың қолөнер бұйымдары мен шығармашылық өнімдері жалпы алғанда 6 миллион теңгеге сатылған.Creative Aimaq жобасы осылайша мәдени шара ғана емес, өңірлік креативті бизнесті дамытуға ықпал ететін тиімді платформа екенін көрсетті.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай бастамалар жергілікті брендтердің танымал болуына, ұлттық өнердің жаңа аудиторияға жетуіне және шығармашылық кәсіптің экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Creative Aimaq жобасы шығармашылық қауымдастықтарды өзара байланыстырып қана қоймай, өңірлік брендтердің танылуына және ұлттық өнердің заманауи бағытта дамуына жаңа мүмкіндік қалыптастыруды көздейді. Сондықтан көрме тек экспозиция ретінде емес, шығармашылық тәжірибе алмасуға арналған ашық мәдени алаң ретінде бағаланады.

Тегтер: Ұлытау Астана
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз