Астанада жаңа әуежай құрылысы келесі жылы басталады
Үкімет келесі жылы өткізу бекеттерін жаңғыртып, Астанада жаңа әуежай құрылысын бастайды Үкімет келесі жылы автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстарын аяқтап, Астанада жаңа әуежайдың құрылысын бастамақ. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қазақстанды өңірдегі жетекші көлік-логистика хабына айналдыру міндетін қойған.
Премьер-министрдің сөзінше, көлік саласында жаңа теміржол желілерін салу және вокзалдарды жаңғырту жобаларын уақытында аяқтау қажет. Сондай-ақ «Қарағанды–Жезқазған» республикалық автожолын қайта жаңарту басталған. Бұл жоба жолдың өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, «Бейнеу–Сексеуіл» және «Орталық-Батыс» автожолдарының құрылысын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау міндеті қойылды.
Олжас Бектеновтің айтуынша, келесі жылы автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада жаңа әуежай салу – кейінге қалдыруға болмайтын міндет екенін атап өтті. Осыған байланысты елорда әкімдігіне жобаны дереу іске асыру тапсырылып, Үкімет барлық қажетті қолдау көрсететін болды.