Астанадағы саябақта балалар отырған кабина құлап кетті
Астананың Орталық саябағында төтенше жағдай болды: аттракцион қозғалып тұрған кезде ішінде балалар отырған кабина жерге құлаған.
Оқиға 25 сәуір күні болған. Куәгерлердің айтуынша, механизм бірнеше айналым жасағаннан кейін кабина кенеттен ажырап кеткен. Аттракцион жұмысы дереу тоқтатылды.
Орталық саябақты басқаратын компания директоры Ғани Хасенов бұл жағдайды өте сирек кездесетін техникалық ақау деп атады.
«Бұл — миллионда бір болатын жағдай. Дәл сол жерге бөгде зат түсіп кеткен. Қазір мұндай жағдай қайталанбас үшін техникалық шешім қабылдадық», — деді Хасенов.
Саябақ әкімшілігі балалардың ауыр жарақат алмағанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта аттракцион жабылып, мамандар толық техникалық тексеріс жүргізіп жатыр. Компания өкілдері барлық құрылғы күн сайын ашылар алдында тексерістен өтетінін айтты.
Оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары тексеріс бастаған.
«Астана қаласы Нұра ауданы полиция басқармасының қызметкерлері аталған дерек бойынша тексеру жүргізіп жатыр», — деп хабарлады қалалық полиция департаменті.