Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:45

Астанадағы Жеңіс парадына 90 жастағы ардагердің кіре алмауы қоғамда резонанс тудырды

Теңдiк Изақов
Теңдiк Изақов. Фото: ашық дереккөз

7 мамыр күні Астана қаласында өткен Жеңіс парадына 90 жастағы еңбек ардагері, нейрохирург, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Теңдiк Изақовтың кіре алмауы қоғамда қызу пікірталас тудырды.

 Мерекелік шараға келген ардагерді кіреберісте полиция қызметкерлері тоқтатып, трибунаға өткізбеу туралы шешім қабылдаған.

Оқиғаға байланысты Сенат депутаты, бұрынғы Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев түсініктеме беріп, мұндай деңгейдегі іс-шараларда қауіпсіздік шаралары ең жоғарғы деңгейде қамтамасыз етілетінін айтты. Оның сөзінше, бұл шараға еліміздің басшысы және шетелдік делегациялар қатысқандықтан, қауіпсіздік хаттамалары қатал түрде сақталуы тиіс.

«Мұндай іс-шаралар алдын ала нақты регламентке сәйкес өткізіледі. Өкінішке қарай, Тендiк Изақовқа аккредитация берілмеген. Бұл — жергілікті атқарушы органдар тарапынан кеткен ұйымдастырушылық қателік болуы мүмкін», — деді Қожаев.

Сенатордың айтуынша, полиция қызметкері тек өзінің қызметтік міндетін орындаған:

«Полиция қызметкері нақты бұйрыққа сай әрекет еткен. Егер тізімде жоқ болса — өткізбеу туралы нұсқаулық бар. Бұл әрекет ардагерге бағытталған қасақана қадам емес».

Қожаев сондай-ақ күтпеген жағдайларда да әрекет ету тәртібі заңмен реттелгенін айтты. Дегенмен, қоғамда қалыптасқан резонанстан кейін мәселе бойынша жергілікті билік ресми кешірім сұрады.

Астана әкімдігі Изақовтың парадқа бара алмай қалуына байланысты кешірім сұрап, бұл жағдайдың алдын ала жасалған тізімге өтініш түспегендігімен байланысты екенін түсіндірді. Әкімдіктің мәліметінше, парадқа кіру тек жақындарының өтініші негізінде жасалған аккредитация арқылы жүзеге асқан.

Қателіктің орнын толтыру үшін ардагер Теңдiк Изақов 9 мамыр күні өтетін гүл қою рәсіміне арнайы шақырылды.

Тегтер: