«Атамекен» ҰКП бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметов бес жылға сотталды
Астана қалалық соты «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметов бес жылға бас бостандығынан айырылғанын мәлімдеді.
Сот үкімімен М. аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды. Оны 10 жыл мерзімге жергілікті мемлекеттік органдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, қылмыстық жолмен алынған 5,8 млрд теңге сомасындағы қаражаты мемлекетке тәркіленеді», - делінген дүйсенбідегі хабарламада.
Сот мәліметінше, Мырзахметов 2022 жылдың мамыр-қазан айлары аралығында Б.-ға ағасын қамаудан босату және сотқа дейінгі өндірісті тоқтату мәселесін мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жоғары лауазымды тұлғалары арқылы шеше алатынын хабарлаған.
«Б.-ның 13,9 млрд теңгені құрайтын аса ірі көлемдегі ақшалай қаражатын алаяқтық жолмен қарызға беру туралы ресми шарттар жасасу арқылы жымқырған», - деп анықтады сот.
«Атамекеннің» бұрынғы басшысы өзі кінәсін мойындап, тергеу амалдарына көмектескені айтылды.
Сондай-ақ сот президентке Мырзахметовты «Құрмет» және 3-дәрежелі «Барыс» ордендерінен айыру туралы ұсыныс енгізбек.
Фото: ҚР Үкіметі