«Атырау» ФК сатылымға шығарылды: бастапқы бағасы жарияланды
«Атырау» футбол клубы сатылымға дайындалуда. Саудаға «Облыстық футбол командасы “Атырау”» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 100 пайыз үлесі шығарылды, деп хабарлайды kpl.kz.
Лоттың бастапқы бағасы – 175,6 миллион теңге. Нарықтық бағалау – 250,8 миллион теңге. Аукцион 2026 жылғы 10 наурызға белгіленген, өтінім қабылдау басталып кеткен. Шарт бойынша, жалғыз қатысушы болған жағдайда да сату мүмкіндігі қарастырылған.
Бұған дейін жекешелендіру аясында басқа клубтар да сатылған еді: «Шахтер» 55,3 миллион теңгеге, ал «Ақтөбе» 364 миллион теңгеге өткен.
Инвесторға қандай міндеттер жүктеледі?
Болашақ клубтың иесі 27 міндеттемені орындауға тиіс. Ең негізгісі – құны кемінде 1 миллиард теңге болатын футбол академиясын салу.
Жоба аясында:
-
жаттығу алаңдары,
-
медициналық блок,
-
жаттықтырушылар штабына арналған бөлмелер,
-
50 орындық жатақхана қарастырылуы керек.
Жобалау жұмыстарына – 1 жыл, құрылысқа – 3 жыл беріледі.
Сонымен қатар инвестор:
-
қолданыстағы инфрақұрылымды, соның ішінде «Мұнайшы» стадионын күтіп ұстауға;
-
жыл сайын аудит өткізіп, қаржылық ашықтықты қамтамасыз етуге;
-
үш жыл ішінде кемінде 1000 тәрбиеленушіні қамтитын футбол орталығының жұмысын ұйымдастыруға;
-
негізгі құрамға жергілікті ойыншыларды жүйелі түрде тартуға міндетті.
Клубтың тарихи атауы, түстері мен эмблемасы сақталуы тиіс.
Осылайша, ықтимал сатып алушы клубты иеленіп қана қоймай, өңірдегі балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға және инфрақұрылымды жақсартуға қомақты инвестиция салуы қажет болады.