Атырауда полицияның жаңа басшысы тағайындалды – бұрынғы басшы СИЗО-ға қамалды
Атырау қалалық полиция басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Бұл қызметке бұған дейін Жаңаөзен қаласының полициясын басқарған полковник Айдар Қасанов келді.
Кадрлық өзгерістер туралы ақпаратты Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми түрде растады.
«Айдар Қасанов ішкі істер министрінің бұйрығымен Атырау қалалық полиция басқармасының бастығы болып тағайындалды. Ол 20 сәуірден бастап қызметіне кірісті», – деп мәлімдеді ведомство.

Бұрынғы басшы СИЗО-ға қамалды
Жаңа тағайындау Атырау полициясындағы резонансты оқиға аясында болды. Бұған дейін қалалық полиция басқармасының бұрынғы басшысы Бақытбек Исаев қызметінен теріс себептермен босатылып, тергеу изоляторына қамалғаны белгілі болды.
БАҚ мәліметінше, Исаев пен бірқатар жоғары лауазымды полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану дерегі бойынша тергеу жүргізілуде.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, іс қылмыстық істер бойынша заттай дәлел ретінде өткен есірткі заттарына байланысты болуы мүмкін.
Қазіргі таңда бұл іске шамамен 17 адам, оның ішінде ішкі қауіпсіздік және есірткіге қарсы күрес басқармаларының басшылары да қатысы бар деген болжам бар. Бақыбек Исаев Атырау қалалық полициясын 2024 жылдың мамыр айынан бері басқарған.
Жаңа басшы туралы не белгілі
Айдар Қасанов 1978 жылы Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. ҚР ІІМ академиясын тәмамдаған. Құқық қорғау органдарында 20 жылдан астам еңбек өтілі бар.
Қызметін тергеуші болып бастап, кейін Жаңаөзен мен Ақтау қалаларында басшылық лауазымдар атқарған. Әр жылдары тергеу бөлімдерінің бастығы, полиция басқармалары басшыларының орынбасары қызметтерін атқарған.
2019 жылдан 2026 жылдың сәуіріне дейін Жаңаөзен қалалық полиция басқармасын басқарған. 2026 жылғы 20 сәуірден бастап Атырау қалалық полициясының бастығы қызметіне кірісті.