Атыраудағы отбасы қырғыны: қылмыс бірнеше ай аралығында жасалған
Атырау облысындағы Жангелдин ауылында Қарабалиндер отбасын өлтіру ісі бойынша қылмыстар бір мезгілде емес, бірнеше ай аралығында жасалғаны анықталды.
Тергеу дерегінше, күдікті Сұлтан Сарсемалиев алдымен Наурыз Мұқанғалиевті мамыр айында өлтірген, ал қалған үш адам қарашада қаза болған.
Прокуратураның мәліметіне сәйкес, қылмысқа үшінші тұлғалар қатыспаған, ол жалғыз әрекет еткен. Сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша Сарсемалиев есі дұрыс деп танылып, өз әрекеттері үшін жауап бере алады.
Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, марқұмдардың денесінде асүй пышағымен салынған көптеген жарақаттар табылған.
«Әрқайсысында алты және одан да көп жарақат бар. Олар кеуде тұсына, мойынға және өмірлік маңызды ағзаларға салынған», – деді ол.
Ал Сарсемалиевтің жұбайы әрі қаза тапқандардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты сараптама әлі аяқталмаған. Атырауда мамандар оның психикалық жағдайына нақты баға бере алмағандықтан, Алматыда қайта сот-психиатриялық сараптама тағайындалды.
Қаза тапқандардың туыстары соттың ашық өтуін талап етіп отыр. Олар сот барысында істің барлық мән-жайы толық жария болады деп үміттенеді.
Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыстық іс мамыр айында сотқа жолдануы мүмкін. Тергеу жалғасып жатыр.