Сараптама

Алтын іздегендер Түлкібасты тағы да қопарып жатыр

Алтын дауы тоқтар емес...

Қайыршақты өзені

Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Керейіт ауылының тұрғындары "Жас Алаш" мәселе етіп көтергеннен кейін тоқтаған алтын барлау жұмыстары қайта басталғанын айтып, редакцияға тағы да шағымданды. Ауыл жұртының сөзінше, бұған дейін арнайы комиссия барып, тексеру жүргізген даулы аумаққа ауыр техника қайта келген. Ал тұрғындарды жұмыс жүріп жатқан жерге жақындатпайды, айналасы қоршалған. Облыс әкімдігі болса, бірнеше ай бойы жүргізілген тексеру немен аяқталғанына нақты жауап берген жоқ. 

Қайыршақты өзені
Қайыршақты өзені тұрғыны өзгерген өзен арнасын көрсетіп тұр. Фото JasAlash/Қайыршақты өзені

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАЙЫРШАҚТЫДАҒЫ ТЕКЕТІРЕС: АЛТЫН ҚЫМБАТ ПА, АУЫЛДЫҢ ТАҒДЫРЫ ҚЫМБАТ ПА?

Тұрғындардың үміті ақталмады

Қайыршақты өзеніндегі алтын дауы "Жас Алашқа" тың тақырып емес. Редакция бұған дейін ауылға арнайы барып, тұрғындардың шағымын тыңдап, қазылған жайылымды, өзгертілген өзен арнасын өз көзімен көрген. Кейін бұл мәселе бойынша бірнеше зерттеу мақала жазды. Редакция зерттеуінен соң Қайыршақты өзені бойында алтын барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан кәсіпорындардың қызметіне қатысты арнайы жұмыс тобы құрылған. Сол кезде ауыл жұрты "енді мәселе бір шешімін табар" деп үміттенген. Алайда Қайыршақтыдан редакцияға жеткен жаңа видео бұл үміттің желге ұшқанын көрсетті.

 Ауыл тұрғындары редакцияға жіберген видеода таулы аумақтағы қазба жұмыстары байқалады. Жердің бір бөлігі қопарылған, арнайы техника жүр. Экскаватор мен жүк көлігі де сонда. Ауыл тұрғындары техникаларда мемлекеттік нөмір жоқ екенін анықтаған. Түлкібас ауданы Арыс ауылдық округіндегі қоғамдық кеңес мүшесі, жергілікті тұрғын Мейіржан Жамбылбекұлының айтуынша, қазір жұмыс жүріп жатқан аумақ қоршалып, күзет қойылған.

"Аумақтың екі шетінде күзетшілер отыр, арнайы будкалар қойылған. Бізді ішке кіргізбейді. Бұрын халық жүретін жол қоршаудың ішінен өтетін еді, қазір сол жолды да жауып тастаған. Айналып өтуге мәжбүрміз. Тіпті бір тұрғынның малын ішке кіріп кетті деп қамап қойған жағдай да болды. Кейін иесі барып, малын шығарып алған. Іште алтын жуатын аппарат тұрғанын көрдік. Бір-екі тиегіш, бір экскаватор, бірнеше КамАЗ сияқты техника жүр. Кейбір көліктердің мемлекеттік нөмірі де көрінбейді. Біз ішке кіре алмаймыз, сондықтан нақты не істеп жатқанын толық бақылауға мүмкіндік жоқ. Ең бастысы – осы жұмыстарға байланысты ауыл халқымен ешқандай қоғамдық тыңдау өткізілген жоқ. Бізбен ешкім сөйлесіп, келісіп жатқан жоқ. Сержан Қонысбаевтың өзімен де сөйлесу қиын. "Бір мәмілеге келейік, халықпен сөйлесіңіз" десек, тілдеспейді. "Бұл – менің жекеменшік жерім, өзім білемін" деген ұстанымда. Біздіңше, ол қазір ауыл тұрғындарын былай қойғанда, әкімдіктің сөзін де тыңдап отырған жоқ. Жұмысты өз бетінше жүргізіп жатыр", – дейді Мейіржан Жамбылбекұлы.

Кейрейіт ауылы тұрғындары
Кейрейіт ауылы тұрғындары Тоқаевқа үндеу жолдап тұр. Фото JasAlash/Кейрейіт ауылы тұрғындары

Бұған дейін Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Ғани Құрманбай Керейіт ауылы тұрғындарының қатысуымен бұл жоба бойынша қоғамдық тыңдау өтпегенін айтқан еді. Сондықтан бүгінгі басты мәселе – техниканың қайта келгені ғана емес, билік өкілдерінің тексеру жүргізгеннен кейін бұл жұмыстың қандай құқықтық негізде қайта басталғанында болып отыр.

Ауыл тұрғындары тағы бір қызық мәліметтің шетін шығарды.  Олардың сөзінше, "Жас Алаштың" сериялы мақаласынан соң алтын барлау жұмыстары уақытша тоқтаған. Сол тұста "КЕН ӨЗЕН" компаниясының басшысы Сержан Қонысбаев ауыл әкімі Болат Жұмабекұлымен бірге елді мекенді аралаған. Тамыз айында жағдайы төмен деген 48 адамға 100 мың теңгеден ақша таратылған. Тұрғындардың айтуынша, бұл қаражат көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық ретінде берілген. Әрине, жағдайы төмен адамға кәсіпкердің қаржылай көмектесуі – заңға қайшы емес. Қайырымдылық жасауға ешкім тыйым салмайды. Бірақ дәл осы қайырымдылық шарасының уақыты күмән тудырады. Біріншіден, ауыл халқы алтын барлау жұмысына бірнеше жылдан бері қарсы болып келе жатыр. Екіншіден, тұрғындардың басты талаптарының бірі – қандай да бір жұмыс басталар алдында халықтың пікірін ескеру, ашық қоғамдық тыңдау өткізу. Үшіншіден, 100 мың теңгеден таратқан кәсіпкердің қайырымдылығы "Жас Алаштың" сынынан кейін жұмыс тоқтап, компания мен ауыл арасында үлкен дау туған уақытта жасалған.

Ендеше, бұл шынымен әлеуметтік көмек пе, әлде ұзақ уақыт бойы алтын барлауға қарсы болған ауылдың көңілін жұмсартудың амалы ма? Егер бұл таза қайырымдылық болса, компания оның шынайылығын түсіндіре алады. Көмек қандай бағдарлама аясында берілді? 48 адамды кім және қандай өлшеммен таңдады? Тізімді компания жасады ма, әкімдік ұсынды ма? Неліктен көмек дәл осы уақытта берілді? Мұның бәрі жауапсыз қалмауы керек.

Комиссияның қорытындысы мемлекеттік құпия ма?

 "Жас Алаш" арнайы жұмыс тобының жұмысы немен аяқталғанын білу үшін Түркістан облысы әкімдігіне қайта сауал жолдаған еді. Біз нақты қорытынды күттік. Бірақ әкімдіктен келген жауапты оқығанда, бірнеше айлық тексерудің нәтижесін емес, мемлекеттік органдардың жұмысын насихаттайтын мәтін алғандай әсер қалды. Мысалы, әкімдік былай дейді:

"Аталған мәселе бойынша Түркістан облысының әкімдігі тарапынан тиісті мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізілді. Жұмыс барысында бейінді мамандардың қатысуымен жұмыстардың жүргізілу жағдайы қаралды".

Жақсы. Арнайы жұмыс тобы құрылды. Мамандар барды. Тексеру жүргізілді. Нәтижесі қандай?

Одан кейінгі сөйлемде:

"Зерделеу нәтижесінде анықталған материалдар, оның ішінде ықтимал залалға қатысты мәліметтер құқықтық баға беру үшін құқық қорғау органдарына жолданды", – делінген.

  Бұл сөйлем жауаптан гөрі жаңа сұрақ тудырады. "Анықталған материалдар" деген не? Нақты қандай факт анықталды? "Ықтимал залал" неге келтірілген залал – өзенге ме, жерге ме, өсімдікке ме, жайылымға ма? Оның көлемі есептелді ме? Ақшалай шығыны анықталды ма? Материал қай құқық қорғау органына берілді? Қай күні жолданды? Қандай тіркеу нөмірімен тіркелді? Қазір ол материал бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр ма, әлде қылмыстық іс қозғалмайтын болды ма?

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАЙЫРШАҚТЫДАҒЫ "КЛОНДАЙК": ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ "ӘЛДЕКІМДЕР" ІРГЕСІНЕН АЛТЫН ҚАЗЫП ЖАТҚАНЫН БІЛЕ МЕ?

"Мен не деймін, домбырам не дейді?"

 Редакцияға жолданған жауаптың бірнеше абзацы лицензия беру әкімдіктің құзыретіне кірмейтінін түсіндіруге арналған.

"Алтын және басқа да пайдалы қатты қазбаларды барлауға лицензия беруді облыс әкімдігі жүзеге асырмайды… бұл мәселе Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құзыретіне жатады", – дейді әкімдік.

Мұны редакция бұрыннан біледі. Әкімдіктен "лицензияны сіздер бердіңіздер бе?" деп сұраған ешкім жоқ. Біз өздері құрған арнайы комиссияның қорытындысын сұраған едік. Оның үстіне жұмыс тобын құрып, мемлекеттік органдарды жинап, мамандарды далаға жіберіп, материалды құқық қорғау органына жолдаған – облыс әкімдігінің өзі. Демек, "бұл біздің құзырет емес" деген уәж комиссияның не анықтағанын жарияламауға жауап бола алмайды.

Келесі абзацта әкімдік өзен мен су қорғау аймағындағы жұмыстардың заңдылығын Бассейндік су инспекциясы қадағалайтынын қайта түсіндіреді. Бұл да белгілі. Ең қызығы, бұрын Түркістан облысы әкімдігінің өзі үш компанияның Қайыршақты өзені бойындағы жұмыстарға Бассейндік су инспекциясының келісімін алмағанын хабарлаған. Ендеше, кейін бұл келісім алынды ма, жоқ па? Алынса – қашан және қандай жұмысқа берілді? Алынбаса – бүгін өзен бойында техника қандай негізде қайта жұмыс істеп жатыр?

Сырғытпа жауапта жоқ сөйлем

Облыс әкімдігінің жауабы: "Кәсіпкерлердің өзен бойындағы жұмыстарында Бассейндік су инспекциясымен келісу мәселесі жұмыс тобының зерделеуі барысында қаралып, тиісті материалдар құқықтық баға беру үшін уәкілетті органдарға жолданды", – деп қайтадан жалпылама сөйлеммен шектеледі. Бұрын келісім болмағаны ресми айтылды. Соған байланысты қандай шара қолданылды? Ескерту берілді ме? Жұмыс тоқтатылды ма? Жерді қалпына келтіру жөнінде міндеттеме жүктелді ме? Ештеңе айтылмайды.

Жауап соңында "дәстүрлі" сөйлем былай жазылған: "Түркістан облысының әкімдігі бұл мәселені өз құзыреті шегінде бақылауда ұстайды".

Ал ауыл тұрғындары редакцияға дәл қазір техниканың қайта жұмыс істеп жатқан видеосын жіберіп отыр. Сонда "бақылауда ұстау" дегеніміз не?

Бұл жерде мәселе белгілі бір компанияны кінәлі деп жариялауда емес, мемлекеттік органның қоғам алдында есеп беруінде. Егер арнайы жұмыс тобы тексеріп, ешқандай заң бұзушылық таппаса, соны ашық айтуға не кедергі? "Тексердік, лицензиялық аумақтан шықпаған, су заңнамасы бұзылмаған, экологиялық залал анықталмаған" деген бір абзац жеткілікті еді. Алайда редакция күткен мұндай жауап айтылмаған.

Қайыршақты өзені
Фото ЖИ арқылы өңделді / JasAlash/Қайыршақты өзені

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАЗАҚСТАНДЫ "АЛТЫН БЕЗГЕГІ" ҚЫСЫП ТҰР…

Түйін

Қайыршақтыдағы оқиға – Қазақстандағы жер қойнауын игеруге байланысты үлкен мәселенің бір ұшы ғана. Мемлекет жаңа кен орындарын ашып, геологиялық барлауға инвестиция тартуды экономикалық даму деп бағалайды. Мұны түсінуге болады. Қазақстанға инвестиция да, өндіріс те, жаңа жұмыс орындары да қажет. Бірақ сол инвестиция ауылдың суын лайлап, жайылымын бүлдіріп, тұрғындар мен компанияны бір-біріне қарсы қоймауға тиіс. Барлау лицензиясы жергілікті халықтың құқығын шектемеуі керек. Керейіт тұрғындары алтын барлауға қарсы емес екендерін бұған дейін де бірнеше рет айтқан. Олардың талабы қарапайым – жұмыс заң аясында жүргізілсін, су бүлінбесін, жайылым жойылмасын, құжаттар жасырылмасын, халықпен санассын. Болды! Ең бастысы – мемлекеттік органдар "тексеріп жатырмыз", "материал жолданды", "бақылауда ұстаймыз" деген "кезекші" сөздермен шектелмей, нақты жауап беруге тиіс еді.

Қазір Қайыршақты өзеніне жүк көліктері мен техника қайта кірді. Халық тағы да алаңдаулы…

Айтпақшы, "Жас Алаш" Түркістан облысының әкімдігіне, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне "Қайыршақтыда жүргізілген тексеру нәтижесінде қандай заң бұзушылық анықталды, кімге қандай шара қолданылды және алтын барлау жұмыстары бүгін қандай құжаттың негізінде қайта басталды?" сынды сұрақтар бойынша ресми сауал жолдады.

Тұрсынбек БАШАР

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз