Оқиғалар

«Ауыл» партиясы агроөнеркәсіпті дамытудың екі негізгі бағытын атады

Басты дебат барысында «Ауыл» партиясының Төрағасы Қайрат Айтуғановқа Қостанай облысының тұрғыны Болат Балаевтан сұрақ келді.

Қайрат Айтуғанов

Ол Қазақстанның биыл 13 млн тоннадан астам астық пен ұн экспорттап отырғанын атап өтіп, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы салаларын жаңғырту және өнімді терең өңдеу бағытында «Ауыл» партиясы қандай нақты ұсыныстар беретінін сұрады.

Қайрат Айтуғанов ауыл шаруашылығы саласының маманы ретінде бұл мәселенің маңыздылығына тоқталды.

«Ауыл» партиясы бұл бағытта екі негізгі мәселеге басымдық береді.

Біріншісі – астықты терең өңдеу.

Қазақстан тек астық пен ұнды экспорттап қоймай, қосылған құны жоғары өнімдерді шығаруы керек. Астықты терең өңдеу арқылы глютен, крахмал, глюкоза, этанол және басқа да өнімдер өндіруге болады.

Бұл үшін заманауи технологиялармен жабдықталған жаңа өңдеу кәсіпорындарын салу қажет. Әсіресе биыл астық бағасының төмендеуін ескерсек, шикізатты экспорттаумен шектелмей, оны терең өңдеп, жоғары қосылған құны бар өнім ретінде сыртқы нарыққа шығару маңызды.

Екіншісі – тұқым шаруашылығын дамыту. Бүгінде Қазақстан бірқатар дақылдардың тұқымын шетелден импорттайды. Бидай, арпа, тритикале, картоп және басқа да дақылдардың тұқымдары Нидерланд, Германия секілді елдерден әкелінеді.
Сондықтан өзіміздің тұқым шаруашылығын күшейтіп, отандық селекцияны дамытуымыз керек. Климаттың өзгеруі мен жыл сайынғы құрғақшылық жағдайында Қазақстанға жергілікті табиғи жағдайларға бейімделген, өнімділігі жоғары жаңа сорттарды өз ішінде шығару аса маңызды.

«Ауыл» партиясының мақсаты – ауыл шаруашылығын тек шикізат өндіретін сала емес, жоғары қосылған құн қалыптастыратын, заманауи әрі бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіп кешеніне айналдыру.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз