Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:51, 23 Қараша 2023

Ауыл шаруашылығы: өсім мен өнім

ауыл шаруашылығы
Фото: из открытых источников

Адамзат баласы терімшілік пен жабайы аңшылықтың сан мың жылдық тәжірибесі негізінде үй жануарлары мен мәдени дәнді дақылдарды өсіре бастағаннан бергі дәуір – ауыл шаруашылығының қалыптасып даму кезеңі. Ауыл шаруашылығы – Қазақстандағы халық шаруашылығының стратегиялық маңызға ие сала. Қазақ халқының ата кәсібі мал шаруашылығына қоса, егіншілік және басқа да қосымша шаруашылық түрлерімен шұғылданушылары бар Қазақстан Республикасы – ауыл шаруашылығын дамытуға мүдделі әрі осы тұрғыдағы мүмкіндігі зор, әлеуеті өте мықты елдердің бірі. Осы тұста қараша айының үшінші жексенбісі ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні болып, заңнамалық деңгейде бекітілді.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, соңғы 10 айда елдегі ірі қара 9 млн, қой мен ешкі 23 млн, жылқы 4 млн, түйе 277 мың, ал құс саны 54 млн-ды құраған. Ал ауыл шаруашылығы вице-министрінің айтуынша, өсімдік, мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау да жоғары. Биыл осы салаға үкіметтен 7,2 млрд теңге бағытталған. Ал субсидия көлемі 15,7 млрд теңгені құрайды екен.

Осы тұста Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы қызметкерлері де мерекені атап өтті. Салтанатты шараның басында облыс ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Наурызбай Қарағойшин облыс әкімі Нариман Төреғалиевқа сала бойынша көрсеткіштер мен жетістіктер туралы баяндады. Биылғы жыл БҚО ауыл шаруашылығы үшін табысты болды.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев: «Ауыл шаруашылығы еліміздің экономикасындағы жетекші салалардың бірі. Сіздердің елеулі еңбектеріңіздің арқасында бүгінгі отандық аграрлық сектордың нәтижелері жылдан-жылға артып келеді. Биыл да бұл мерекеге сала қызметкерлері толағай табыспен жеткені қуантып отыр. Осы жылдың он айының қорытындысы бойынша сала экономикадағы ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді. Ауыл шаруашылығының нақты индексінің көрсеткіші 3,1%-ға ұлғайып, жалпы өнім 261 млрдқа дейін жетті», – деп мақтанышпен атап өтті.

Салтанатты шара барысында ауыл шаруашылығында елеулі еңбек еткен қызметкерлер мен ардагерлерге Еңбек ардагері, Ауыл шаруашылығы саласының үздігі төсбелгілерімен және құрмет грамоталарымен марапатталды. Бүгінде БҚО-да ауыл шаруашылығы саласында 48 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.

 

    Ақгүлім Ерболқызы

     Батыс Қазақстан