Ауылдық елді мекендердегі медициналық мекемелерге 40 млрд теңге бөлінді
ҚР Үкіметі ауылдық елді мекендерде медициналық мекемелерді салу және жаңғырту үшін 40 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды Zhasalash.kz сайты.
Жобалар жобалау-сметалық құжаттаманың әзірлігіне қарай өңірлердің әкімдіктерінен берілген өтінімдерге сәйкес қаржыландырылады.
Осыған байланысты Үкімет резервінен 39 млрд 987 млн теңгеден астам қаражат ауылдық елді мекендерде ЖСҚ дайын 297 алғашқы медициналық көмек нысанын салуға бағытталады. Олардың ішінде медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер және дәрігерлік амбулаториялар бар, делінген Үкімет хабарламасында.
Сонымен қатар бөлінген қаражаттың бір бөлігі:
Арқалық өңірлік ауруханасы перзентханасының ғимаратындағы күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтауға;
Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасының екі блогын күрделі жөндеуге;
Атбасар көпсалалы ауданаралық ауруханасының бас ғимаратын күрделі жөндеуге;
Балқаш қаласының Орталық ауруханасын күрделі жөндеу жұмыстарын бастауға;
Балқаш қаласының Көпсалалы ауруханасының ангиографиялық ота жасайтын бас корпусына қосымша ғимарат салуға және ангиографиялық қондырғыны орналастыруға;
Шиелі көпсалалы орталық аудандық ауруханасының ғимаратына қосымша блокты жапсарлас сала отырып, күрделі жөндеуге және сол жерде 30 төсек-орынға арналған жұқпалы аурулар бөлімшесінің құрылысына аударылады.
Фото: ортком