Ауқымды блэкаутқа кім кінәлі: Бішкек KEGOC тұжырымымен келіспеді
Қырғызстанның Энергетика министрлігі 14 тамызда Тоқтоғұл ГЭС-індегі екі гидрогенератордың қысқа уақытқа ажыратылғанын растады.
Алайда ведомство мұны Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдеріндегі жаппай электр қуатының өшуіне тікелей себеп болды деп есептемейді.
Бішкек бірлескен тергеу аяқталмай тұрып Қырғызстанның энергетикалық жүйесіне жауапкершілік арту дұрыс емес екенін мәлімдеді.
Бұған дейін KEGOC жалпы қуаты 600 МВт болатын екі гидрогенератордың ажыратылуы «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» транзиттік желісіне шамадан тыс жүктеме түсіріп, соның салдарынан Қазақстанның Оңтүстік аймағы елдің бірыңғай электр энергетикалық жүйесінен бөлініп қалғанын хабарлаған.
Нәтижесінде Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды және Абай облыстарында, сондай-ақ Жетісу мен Ұлытау облыстарында тұтынушылар электр қуатынсыз қалды.
Қырғыз тарапы генераторлардың ажыратылуы біріккен энергетикалық жүйедегі бастапқы ауытқуға себеп болғанын және соның салдарынан қуат ағындары өзгеріп, апатқа қарсы автоматика іске қосылғанын мойындады.
Алайда Қырғызстанның Энергетика министрлігі көрші елдердегі жекелеген энергетикалық тораптардың істен шығуы кейінгі процестердің салдарынан болғанын және оларды бөлек талдау қажет екенін атап өтті.
Ведомство мәліметінше, технологиялық ақаудан кейін небәрі 18 минут ішінде біріккен энергетикалық жүйедегі жиілік қалыпты 50 Гц деңгейіне дейін қалпына келтірілген. Сонымен қатар Қырғызстан көрші мемлекеттерге шамамен 250 МВт қуат берген.
Бішкек тарапының мәлімдеуінше, Алматы энергетикалық торабы жиілік қалыпты деңгейге қалпына келгеннен кейін ғана электр қуатынсыз қалған.
Сондықтан Қырғызстан билігі ауқымды электр ақауының түпкілікті себебін арнайы комиссия анықтауы керек деп есептейді.