Әлеумет

Қазақстанда тасжолда жылдамдықты асырғаны үшін келген қате айыппұлдар автоматты түрде жойылады

Ішкі істер министрлігі ақпараттық жүйедегі техникалық ақауға байланысты тасжолдарда жылдамдықты асырғаны үшін қате қалыптастырылған айыппұлдарға қатысты түсініктеме берді.

Полиция, жауапкершілік, қылмыс, айыппұл

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтің айтуынша, 13-14 тамыз аралығында Бас прокуратураның «ЕРАП» ақпараттық жүйесінде нұсқамаларды автоматты түрде қалыптастыру кезінде техникалық ақау болған. Осының салдарынан орташа жылдамдықты асыру ретінде тіркелген кейбір құқықбұзушылықтар бір сәттік жылдамдықты асыру фактісі ретінде қате рәсімделген.

«Жүргізушілерге айтарымыз: ешқайда барудың, полицияға жүгінудің немесе бір нәрсені дәлелдеудің қажеті жоқ. Қате қалыптастырылған барлық нұсқама анықталды және олар автоматты түрде жойылады», – деді Мұрат Қабденов.

Оның айтуынша, қазір мамандар техникалық ақаудың салдарын жою бойынша жұмыс істеп жатыр. Ал қате қалыптастырылған айыппұлды төлеп қойған жүргізушілерге қаражатты қайтару мәселесі пысықталуда.

ІІМ бұл жағдай тек аталған техникалық ақау салдарынан тасжолдарда қате рәсімделген айыппұлдарға қатысты екенін атап өтті. Саладағы ахуал министрліктің бақылауында.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз