Әлеумет

Экс-депутат Базарбек Жамбыл облысында адамды қағып кеткен көліктің тізгінінде болуы мүмкін

Жамбыл облысында Toyota көлігі жолда 36 жастағы ер адамды қағып кетті.

Базарбек

Зардап шеккен азамат жансақтау бөліміне жеткізілді. Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әлеуметтік желілерде көлікті Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек басқарған болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Алайда полиция бұл мәліметті растаған жоқ.

Жол апаты Тұрар Рысқұлов атындағы ауданда болған. HALYQSTAN паблигінің мәліметінше, бұған дейін жолдағы көліктердің бірі сиырмен соғысқан. Бірнеше ер адам жануардың өлексесін жолдан алып тастамақ болған кезде олардың бірін Toyota RAV4 көлігі қағып кеткен.

Жарияланған ақпаратта зардап шегушінің жабық бас-ми жарақатын алғаны, миы шайқалғаны, пневмоторакс, білек және сирақ сүйектерінің сынуы анықталғаны айтылады. Ауруханаға жеткізілген кезде ер адам травмалық шок жағдайында болған.

Жамбыл облысының Полиция департаменті жол апаты болғанын растады. Ведомствоның алдын ала мәліметінше, Toyota көлігінің жүргізушісі, ресми хабарламада «Б. есімді азамат» деп көрсетілген тұлға, жолдың жүріс бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен.

Полиция жүргізушінің аты-жөнін жарияламады. Сондықтан көлікті Бақытжан Базарбек басқарды деген ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз